Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде отбасы құндылығын дәріптеген рәсім өтті
Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде тағылымды шара жүзеге асты. Мұнда Айтжан есімді ағамыз бен Назым есімді апамыз шаңырақ көтергендеріне бірнеше онжылдықтар өтсе де, некелерін жаңартуға ниет білдірді.
1985 жылы отбасын құрған ерлі-зайыптылар бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған сыйлы қариялар. Жасы ұлғайса да, адал жарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті жоғары қоятын атамыз бен апамыз некелерін қайта қидыртуды жөн санаған екен.
Неке қию рәсімін облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Нұрбол Әділмұрат орындады. Шараға олардың бала-шағалары қатысып, ата-аналарының өнегелі қадамдарына куә болды.
Бұл рәсім – ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен тұрақтылықтың, сондай-ақ ислам дініндегі отбасы институтының маңызын айқындайтын тағылымды үлгі болды.