Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мынадай әйел бар үйде періште болмайды
26 маусым, 2017 жыл 9187 Басып шығару нұсқасы

«Алты ұл туған ананы ханым десе болады, жақсы ұл туған ананы жаным десе болады» дегендей, Түркістан қаласының тұрғыны  Жұмакүл Ахметова – ханым деуге де, жаным деуге де тұрарлық жан. Саналы ғұмырын ұстаздықпен өткізген Жұмакүл Жангелдіқызы бес ұлдың асыл анасы, ерінің аяулы жары. «Замана» тілшісі ол кісімен  әңгіме өрбітіп, ұл баланың тәрбиесі, ер-азаматты сыйлау тақырыбында келелі сұхбат құрыпты.

Орамал тақпайтын әйелдің үйінен періште қашады

«Ата-анамның менен бұ­рын­ғы перзенттері жастай шетінеп, мен ғана аман қалған екенмін, – дейді Жұмакүл Жангелдіқызы. – Отбасында жалғыз перзент болған соң шығар, әкем де, анам да мені көзінен таса қылмайтын. Бетімнен қақпай, ерке­летіп өсірді. Әкем марқұм жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімде де сабақтан қай­тып келе жатқанымда алдымнан шығып күтіп алушы еді. Анадай жерде келе жатып, мені көрген кезде  әкемнің көзінде пайда болатын қуаныштың ұшқынын байқайтынмын. Сөйте тұра ол кісіге: «Неге күніге алдымнан күтіп ала бересіз?! Мен енді үлкен қыз болдым ғой. Ертең алдымнан шықпаңыз!» – деп ұрсамын. Жан әкем маған қарсы келмейді: «Ма­құл», – деп басын изейді де, ертесіне тағы алдымнан шығып тұрады. Сол кезде балалықпен әкемнің қамқорлығы мен  әкелік махаббатын түсінбеген екенмін. Ал қазір ол кісінің әр сөзін, әр қылығын сағынышпен еске алып отырамын».

Өкінішке орай, Жангелді қария қызының тойын көре алмапты. Әкесі Жұмакүл күйеу­ге шықпай тұрғанда бақилық болып кеткен. Бағына орай,  ата-енесі көкірек көзі ашық, түсінігі мол жандар болып кездесіпті.

«Біз әулетімізбен педагогтармыз, – дейді Жұмакүл Жангелдіқызы. – Жолдасым, өзім, қайынатам, қайныларым, абысындарым да – педагогтар. Бір-бірімізді жарты сөзден түсінеміз десек те болғандай.

Мен келін болып түскеннен кейін көп ұзамай-ақ енем жағдайымды түсініп: «Екеуің бірдей бала тәрбиесі ісімен айналысып жүріп анаңды жал­ғыз қалдырғаның жарамас», – деп  еншімізді бөліп беріп, күйеуім екеумізді анамның қолына жіберді. Анам қазақы салт-дәстүрді қатаң ұстанатын, өмір бойы ерінің айтқанынан шықпаған момын кісі еді. Сөз арасында: «Иә, Жангелді» деп  әкемнің атын қыстырмаса әңгімесінің шы­райы кірмейтіндей, өмір бойы әкемнің қас-қабағын бағумен өтті. Анамның еріне бұлай шектен тыс сенім артып, арқа сүйегенін мен ол кісінің жоғары білім алмағанынан, қараңғылығынан  деп түсінуші едім. Қазір ойлап отырсам,  ерін ардақтап, басына көтере білудің  өзі үлкен қасиет екен-ау.

Анамның қолына, өз үйіме көшіп барғаннан кейін бастағы орамалды шешіп, ер­кімше жүргім келген. Бір жағынан енем де маған орамал тақ деп қатаң талап қойған емес. Орамал басымда тұрмай, түсіп кете бергенін байқаған енем: «Орамал тақпай-ақ қойшы, әбіржіп кеттің ғой», – деп жалаңбас жүруіме өзі рұқсат бергені бар. Тіпті ол кісі мені ұзатылған қызым деп еркелетіп  алатын.

Енемнің өзі осылай кең­шілік жасағанымен жалаңбас жүруіме анам келіспеді. Ол кісі: «Сен енді тұрмыстағы  әйелсің, орамалмен жүруің керек. Жалаңбас жүр­ген әйелдің үйінен періште қашады. Әйелдің жалаңбас жүруін дініміз де құп көр­мейді. Оның бәрін былай қойғанда, ерің мен балаларың сен әзірлеген тамақтың арасынан қыл теріп отыруы керек пе? Орамал тартсаң, тамағың таза болады», – деп айтып жүріп, басымнан орамал тастамайтын етіп үйретті.

Жолдасым жалақысын  тиынына дейін қалдырмай, менің қолыма салатын. Оны көрген анам маған: «Күйе­у­ің­­­нің айлығын алып қоя бермей, өзіңдікін қосып  оның қалтасына салып қой. Сонда несібең артады. Үйдегі тоңазытқышты бос қоймайтының секілді еріңнің де қал­тасы бос тұрмасын», – дейтін. Кейде күйеуіме қаттырақ сөйлеп  қалсам, оңаша шығарып: «Балам, еркекті олай тұқыртуға болмайды. Еркекке өктем сөйлемейді», – деп қателігімді бетіме баса қояды.

Анам осындай жан еді».

Ұлым ер мінезді болсын десеңіз…

Жұмакүл Ахметованың бір ұлы кішкентай кезінде шетінеп кетіпті. Қалған төр­теуі аман-есен, ата-анасының көз қуанышы, көңіл жұбанышы болып шауып жүр. Үлкен ұлы Дархан  әскери қызметте. Үйленген, балалы.

Әңгіме ауаны ұл тәрбие­сіне  қарай ойысқанда Жұма­күл апай: «Ер баланың табиғаты бөлек болады, – деді. – Қыз балаға отыр десең, үндемей ойыншықтарымен ойнап отырады, ал ұлға олай бұйырып сөйлей алмайсың. Олар қимыл-қозғалысты жақсы кө­ре­ді. Жүгіреді, секіреді, әйтеуір бір жерде тұрмайды. Ондайда балаға: «Отыр-ей!» – деп жекіп, ұрып-соға берсең  психо­ло­гия­­лық соққы алып қалады. Сөйтіп өскенде  жасық, ез болып шығады. Ер баланы еркін өсірген жақсы, ер мінез содан пайда болады. Қазақта бәйгеге қосатын аттың басына ноқта салмайды, байламайды, ер­кіне жібереді. Ер жігіт жыл­қы мінездес дегендей, ер балаға да шыли шектеу қоймай, еркіндік берген жақ­сы. Дегенмен ата-ананың ақылы балаға еш­уақытта артықтық етпейді. Өзім біл­генімді балаларыма айтудан ешқашан жалыққан емес­пін».

Үлкен ұлын ғана үйлен­дірген Жұмакүл Жангел­ді­қызының әлі үш бойдағы бар. Ол кісі өте жайлы ене екен.

«Ұлым мен келінім Астанада  тұрады. Жылына бір рет еңбек демалысын ал­ған кезде үйде бір айдай болып, демалып қайтады. Келінім өте жақсы, тәрбиелі жердің қызы. Кейде оның жап-жас болып, қазан-ошақтың басынан шыға алмай қалғанына жаным ашып, кіші ұлдарыма: «Бір күн жең­гелеріңді қазан-табақтан бо­сатып, кәуап пісір­сең­дер­ші», – деп отырамын. Базардан төрт-бес келі ет алса, бәріміз тоя жейміз. Әрі келініміз де демалып қалады», – дейді ол кісі.

Өмірінің есте қаларлық сәттерінен осылайша сыр шерткен Жұмакүл Ахметованың бұл әңгімесі көпшілікке тиісінше ой салады деген үміттеміз.

Г. ӘШІРБЕКОВА

qazaquni.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары