Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ешкімге зиян тигізбеу
02 наурыз, 2021 жыл 1003 Басып шығару нұсқасы

Адамдардың бас-бостандығына, дүние-мүлкіне, ар-намысына қол сұғу дінімізде – харам. Бұлар адамдардың қол сұғуға болмайтын жеке басының құқығы. Мұсылман басқаларының құқығына құрмет көрсетіп, жұртқа зиянды іс-әрекеттерден аулақ болуға міндетті. Нағыз мұсылман болудың шарттарының бірі де осы. Пайғамбарымыз былай деген:“Өзге мұсылмандар қолы мен тілінен жәбір көрмеген адам нағыз мұсылман.”[1]

Керсінше мұсылман адам басқаларға зияннан гөрі пайда тигізіп,мұсылманның бет-бейнесі,жүріс-тұрысы қандай болатынын көрсетуге тырысу керек.Мысалға мыналар:

1) Басқаларға жәрдем ету:

Жұртқа жылы сөйлеп, жылы шырай таныту, кедейлерге жәрдем ету, ешкімі жоқтарға қамқорлық көрсету, құлағанды сүйеп, адасқандарға жол көрсету – дініміздің әмірі, көркем мінез-құлықтың көрінісі.

2) Үлкендерге құрмет, кішіге ізетті болу:

Ата-анамызға, үлкен-кіші бауырларымызға, ұстаздарымыз бен өзімізден үлкендерге құрмет көрсету, өзімізден кішілерге ізетті болу, адамгершілік қағидасы, парасаттылықтың белгісі. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:“Үлкендерге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік танытпаған адам – бізден емес”.

3) Ренжіспеу:

Екі мұсылманның бір-бірімен ренжісіп жүргенін көрген жан оларды татуластыруы керек.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Бір мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық өкпелеуі халал емес”[2] деген. Ұзақ уақыт өкпе, кек сақтаған адам үлкен бір күнә жасайтынын ескерткен:

“Бір кісі мұсылман бауырына бір жыл бойы өкпелесе, оның қанын төккендей күнә істеген болып табылады.”[3]

4) Ренжіскендерді татуластыру:

Екі мұсылманның бір-біріне ренжіп жүрегенін көрген жан олардың арасын жарастыруға, татуластыруға міндетті. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген:

“Мүминдер тек қана бауыр. Олай болса, бауырыңың арасын татуластырыңдар.”[4]

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да: “Садақаның ең жақсысы – араздасқандарды татуластыру” деп, араздасқандардың арасын жарасты-рудың қайырлы іс екенін көрсетеді

5) Қонақ күту:

Қонақ күту – дініміз бойынша ізгі істердің бірі. Қонақжайлылық ұлттық салт- дәстүрімізде маңызды орын алады.

Қонақ алдындағы міндетіміз:

а) Қонақты жылы шыраймен, жайдары жүзбен қарсы алу;

ә) Барынша жақсы күту;

б) Қонақтың көзінше қызметшісіне немесе баласына зекіп-ұрыспау, қабағын түймеу;

в) Қонақты шығарып салу.

6) Шақырған жерге бару:

Бір мұсылман егер ыңғайсыз жағдай болмаса, дін бауырларының шақыруына баруы керек. Бұл үрдіс мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Пайғамбарымыз бұл жайында былай деген:

Дін бауырларың тойға немесе қонаққа шақырса, барыңдар.”[5]

Пайғамбарымыз бай болсын, кедей болсын, бөліп-жармай, тіпті қызметшісі шақырса да баратын.

7) Жұрттан кемшілік іздемеу:

Бір мұсылман басқа бір мұсылман бауырының жеке өмірін тексеруге құқылы емес. Көрген кемшіліктерін басқаларға жаймайды, дін бауырын басқаларға жамандамайды. Көрген кемшіліктерін, жаңылыс әрекетін ренжітпей айтып, жақсы сөйлей отырып түзетуге тырысуы керек.

8) Жаманшылық жасағандарды кешіру:

Парасатты адам өзіне жасалған жамандықтарды кешіреді. Тек кешірумен шектелмей, жамандық көрсе де жақсылық жасайды. Бұл тамаша қасиет.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):

– Үш тамаша мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді, – дейді.

– Ол қандай мінез? – деп сұрағанда:

– Өзіңе бермегенге сен бер,

– Өзіңе келмегенге сен бар,

– Қиянат жасағанды кешір, – деп жауап береді.

9) Науқастардың қал-жағдайын сұрау, оларға бару:

Мұсылман ауруға шалдыққан дін бауырына барып қал-жағдайын сұрап, жазылып кетуі үшін дұға етуі керек. Олардың ауруын асқындыратын сөздер айтып, дөрекі әрекеттер жасамауы керек.

10) Дін бауырларына жақсылық тілеу:

Мұсылман дін бауырластарына жақсы нәрсе ойлап, өзі үшін қалаған жақсылықты оларға да тілеп, өзіңе ұнамайтын жамандықты басқаларға да лайық көрмеген дұрыс:

     Дініміз жан- жануарларға да жақсы қарауды бұйырған. Жануарларды қинамай, оларға жақсы қарау – адами міндет.

Бір мысықты аямаған әйел жайында пайғамбарымыз былай деп әңгімелейді:

– Бір әйел бір мысықты қамап қойып, оған тамақ, су бермеген. Өз тамағын өзі тауып жесін деп сыртқа да шығармаған. Бейшара мысық біраз уақыттан кейін қамалған жерінде аштан өліп қалады. Әйел сол  үшін азапқа ұшырап жәһаннамға кірді[6]

Ал бір итке мейірімділік көрсеткен адам жайында пайғамбарымыз былай деп әңгімелейді:

“Бір күні бір адам жолда келе жатанда қатты шөлдейді. Ақыр соңында бір құдыққа кезігіп, оған түсіп, су ішеді. Сөйтіп жолда шөлден тілі салақтап, дымқыл топырақты жалап жатқан итті көріп, “Бұл итте тура мен сияқты шөлдеп жатыр екен” деп, де-реу құдыққа түсіп, ыдысы болмағандықтан мәсісімен су ішкізеді. Осындай жақсылық жасағаны үшін Алла Тағала оған разы болып, күнәларын кешіреді”

Сахабалар:

“Уа, Расулалла, жан-жануарларға жақсылық жасау да сауап па?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз:

“Әр жаны бар тіршілік иелерінде біз үшін сауап бар”  деп жауап береді.

Оқу мәтіні:

Көзге жас алдыратын көрініс...

Мұсылмандар мен Византиялықтар арасында болған Ярмүк соғысына қатысқан Хұзайфа әл-Әдауи былай деп әңгімелейді.

“Cоғыс бітісімен немере ағамның баласын тауып алайын деп іздедім. Сөйтсем, ол ауыр жарақаттанып қалған екен. Біраз су берейін деп ұмтыла бергенім сол еді, енді ішкізейін деп жатқанымда қасымыздан екінші бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Немере ағамның баласы суды ішпей қойды,”әуелі ыңырсып жатқан жаралыға апар”деп ымдады. Суымды алып, әлгі ыңырсып жатқан жаралының жанына бардым. Ол Астың ұлы Хишам екен. Оған да енді суды берейін деп жатқанда, басқа бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Хишам да суды ішпей қойды,”Анау жаралыға апаршы” деді.

“Мен суды алып жаралының қасына бардым. Сол кезде ол жан тәсілім етті. Үлгермедім. Хишамның қасына оралдым, ол да қайтыс болыпты. Енді не болса да немере ағамның ұлына берейін деп жүгіріп барғанымда оның да жан тәсілім еткенін көрдім. Сөйтіп ешбіріне су бере алмадым”.

Не деген асқақ сезім, не деген асыл қасиет! Тіпті соңғы демінде де шөлден өлгелі жатып діндес бауырын өзінен артық көрген нағыз адамгершілік!

Сөз соңында айтарымыз құрметті жамағат басқа бір тіршілік иесіне,ұлтқа,дінге бөлмей зиянымыздан гөрі пайдамызды тигізуге тырысуымыз керек. Аллаһ Тағала баршамызды біреуге зиян тигізуден сақтасын!

 

[1] Риядус-солихин, ІІІ-том,  148-бет

[2] Риядус-солихин,  ІІІ- том, 168-бет

[3] Риядус-солихин,  ІІІ- том, 170-бет

[4] Хужурат сүресі, 10- аят

[5] Жәмиғус-сағир

[6] “Риядус-солихин”, ІІ том 174 бет

                               

                                                                  Нұра аудандық мешітінің имамы:  Ерлан Серікұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары