Center Image
IHSAN.KZ
Рухани кемелдену – бейбіт күннің кепілі
Рухани кемелдену – бейбіт күннің кепілі

Жыл басынан бері, мемлекетімізде арызын айтып, талабын қоюға келген бауырларымыздың арасында, “қой терісін жамылған қасқырлар” бейбіт  шерудің берекесін кетіріп, елімізге қауіп төндірген болатын.

Ата-бабадан мұра болып келе жатқан басты құндылығымыз - Тәуелсіздік тартуы екені мәлім. Ынтымағы берік мемлекетіміз  тәуелсіздігінен бір күннің ішінде айырылып қалудың  аз-ақ алдында тұрғаны қаншама жүректерді қынжылтты. Халқымыз ол күндері азан-қазан күй кешті. Бейбіт күнде оқ атылып, тападай тал түсте қару-жарақ таратылып жатты. Бұл жерде арандатушылардың әрекеті басым сипат алғаны белгілі болды. Бейбітшілік бесігінде тербеліп, берекелі ғұмыр кешіп жатқан Отанымызды бүліктің ордасына айналдыру әлдебір сыртқы күштерге қажет-тін. Аңғал халқымыз бейбіт түрде арызын айтамын деп арандап қала жаздады. Сондықтан да дәл қазіргі уақытта бізге керегі – мейірімі шексіз Алла Тағаладан дәйім дұға сұрау мен мемлекеттік тәртіпті қатаң ұстау болып тұр. 

Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзіретіне қарасты қызметкерлер Ихсан ілімін кеңінен дәріптеуді әріқарай жалғастырмақпыз. Ихсан ілімі – ізгілік, игілік жақсылық сөздерімен тоғысқан.  Ихсан ілімі-жақсылық жаршысын насихаттайды. Қазіргі қоғамда жақсылық, қайырымдылық жасап жүрген бауырларымыз Аллаға шүкір баршылық. Ізгілікті істер атқарып, көңіл қуантады. Кейбірі адал кәсібінің табысын мүмкіндігі шектеулі жандардың иігілігіне жұмсап та жатыр. Қоғам өзіне өзі айна іспетті. Кім не атқарып, қандай іспен тұрмыс кешіп жатқаны тайға басқан таңбадай. Көрініп қалады, естіп те жатамыз. Жаратушы Хақ Тағала нәсіп еткен Отанымызда әрқашан жамағатты жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю  - әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Асыл дінімізде жақсылық жасаушылардың, ниеті түзулердің дәрежесін арттырып қойған. Әсіресе, «Араларыңнан кім жамандықты көрсе оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл иманның ең әлсізі»-деген хадис жолдары жамандық жасаудан жырақ болуды насихат етіп тұр. 

 Қазіргі кезде Қазақстанда қоғамдық тәртіп қалпына келтіріліп, қарулы содырларды жаппай алауыздықтау ісі жүзеге асырылып, елімізге төнген қатердің алды алынғаны баршамызға мәлім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде айтылғандай “Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұтастықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі  басталды. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік!” деген болатын.

Біз бен сіз сөзі мен ісі қабысқан, Ихсан ілімін амал етушілер қатарынан болуды нәсіп етсін.

Шахтинск қалалық

"Нұр" мешітінің имамы

Әсет Наурызбайұлы  Ибраев

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz