Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінде «Үмметі сүйген, үмметін сүйген Пайғамбар» атты рухани мәуліт кеші өтті.
Мешіт имамы Жандос Әшімұлының ұйымдастыруымен өткен рухани кештің ашылуында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы алғы сөз сөйлеп, аймақ жамағатына ізгі тілегін жеткізді.
Рухани кештің құрметті қонағы, елімізге белгілі дінтанушы, ұстаз Арман Қуанышбаев Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайында тағылымды уағыз айтты.
Сонымен қатар Арман Бердалин өзінің «Жаратылыстың жауһары» атты кітабынан өлең шумақтарын оқыса, ақын Дидар Қамиев Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнауын жеткізді.
Мәуліт кеші аясында жамағат арасында «Мен Пайғамбарыммен кездессем, не айтар едім?» тақырыбында шығарма байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Жаратылыстың жауһары» кітабынан өлең жаттаған жастарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Аталған кітапты жаттаған әйел жамағатының бір өкіліне Ұмра сапарына жолдама берілді.
Кеш барысында айтыскер ақындар Дидар Қамиев пен Нұрмұхаммед Байсүгіров сөз сайысына түсіп, рухани кештің мазмұнын аша түсті.
Кеш соңында «Қажыбай қажы» мешітінің имамы Жандос Әшімұлы жамағатқа және рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Рухани кештің басты мақсаты – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілікті арттыру, сүннетін дәріптеу, имандылық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттау.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы