Center Image
IHSAN.KZ
Жетімнің ақысын жеген қандай зардап шегеді?
Жетімнің ақысын жеген қандай зардап шегеді?

Қасиетті Құран Кәрімде: «Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар ішіне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады»(«Ниса» сүресі, 10-аят). Бұл аяттан ұққанымыздай, кім жетімнің ақысын әлімжеттік жасап жесе, қиямет болғанда жегені қарнында отқа айналады. Сөйтіп, қарны отқа толып, тозақ отына тасталады. Тозақтың өзі от екенін ескерсек, жетімнің ақысын жеген адамның іші мен сырты от азабына салынады. Бұл аса қорқынышты жағдай...

Пайғамбарымыз  Мұхаммед  (ﷺ) былай деді: ««Қиямет күні бір қауым ауыздарынан от лаулап тұрған бойда тіріледі», – деді. Адамдар: «О, Алланың елшісі, олар кімдер?», – деп сұрады. Расулулла  (ﷺ): «Алла Тағаланың: «Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар ішіне от жұтып алған болады» деген аятын білмейсіңдер ме?», – деді», – делінген. Тәфсір ғұламасы Ас-Судий (р.а.): «Қиямет күні жетімнің малын жеген адам аузы-мұрнынан, құлақтары мен көздерінен от лаулап шығып тұрған бойда тіріледі. Әрбір көрген адам оны жетімнің малын жегенін біліп тұрады», – деген. Әл-Хакимнен риуаят етілген хадисте: «Төрт адамның жәннатқа кіруге ақысы жоқ. Олар: маскүнем, сүтқор, жетімнің ақысын жеген адам және ата-анасының қарғысына қалған адам» делінген. Шынайы және толық мұсылмандар жетім мен жесірдің малын жемек түгілі, оған қол сұғуды ойлауға да қорқады. Пайғамбарымыз  (ﷺ) : «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді қинайды», – деген.

Хадис шәріпте Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген.

Осы орайда мына бір әңгіме еске түседі: «Бір әйелдің көп қыздары бар еді. Күйеуі өлгеннен кейін ол әйел балаларымен жалғыз жесір қалды. Көп қиналды, бейшара күйге түсті. Өз жағдайынан өзі намыстанып, қыздарымен басқа жаққа көшіп кетуге мәжбүр болды. Бір елге көшіп барды. Ол елде намаз оқылмайтын бір мешітті паналады. Әйел қыздарды ол жерге қалдырып, азық-ауқат тауып келуге шығып кетті. Сол елдегі аса бір дәулетті мұсылман байдың үйіне барып, есігін қақты. Әйел оған жағдайды түсіндірді. Бірақ, үй иесі: «Шынымен кедей екеніңді анықтайтын бір анықтама қағаз алып кел!», – деді. Әйел: «Мен жергілікті емеспін, бөтен жақтан келдім» десе де бай түсінгісі келмеді. Жесір шарасыздықтан үйден қашықтап кете барды. Сөйтіп, басқа есікті қақты. Ол үйдің иесі отқа табынатын еді. Оған да жағдайды айтты. Отқа табынушы өз әйелін әлгі жесір әйелге қосып жіберіп, мешіттегі қыздарды үйіне алдырды. Келген қыздарды үй иесі тамақтандырды. Сол түні жесір әйелге көмек қолын созбаған мұсылман кісі түс көрді. Түсінде қиямет-қайым. Бір тудың астында пайғамбарымыз  (ﷺ) тұр. Қасында үлкен бір қасыр бар. Мұсылман кісі: «О, Алланың Елшісі, бұл қасқырға кім кіреді?», – деп сұрады. Расулулла (ﷺ): «Бір мұсылман кіреді», – деді. Ол кісі: «Мен де мұсылманмын, менің де кіруіме бола ма?», – деді. Сонда пайғамбарымыз  (ﷺ) оған: «Мұсылмандығыңды анықтайтын анықтама қағаз алып кел!», – дейді. Ол кісі түсініңкіремей таң қалады. Пайғамбарымыз сонда оған күндіз мұқтаж боп келген жесір әйелдің оқиғасын есіне салды. Ол адам шошып оянды, түсі туралы ойлап, жесір әйелге істеген қиянатына өкінді. Өйткені, жесір әйелден анықтама қағаз сұрағаны рас, қағаз әкелмегені үшін оны құр қол қайтарғаны да рас. Ертеңінде  тұра сала жесір әйелді іздеді. Жесір әйел балаларымен мешіттен кетіп қалғанын, бір отқа табынатын кісінің үйіне қонғанын сұрап білді. Әйелді іздеп отқа табынушының үйіне келіп, оған жесір әйелді қыздарымен бірге алып кетпек ойын айтты. Бірақ, үй иесі оларды қайтарудан бас тартты. Ол: «Бұл жесір әйел қыздарымен үйге келген сәттен үйіме береке кірді», – деп себебін түсіндірді. Сонда әлгі мұсылман кісі отқа табынушыға ақша беретінін, оларға кеткен ақысын төлейтінін айтты. Үй иесі оған күлді де: «Сен менен алып кетпек болғандарға мен де лайықпын. Сен түсіңде көрген қасқырды Алла маған арнап дайындап қойып еді. Мұсылман болғаның үшін менен артықпын деп тұрсың ба?! Біз бүгін үйдегі бәріміз бірдей түс көрдік. Үйге келген мына жесір әйел мен қыздары себеп болып, бәріміз хақ дін Исламды қабылдадық. Мұсылман болдық. Түсімде Алланың елшісі Мұхаммед  (ﷺ) менен: «Жесір әйел мен жетім балалар қасыңда ма?», – деп сұрады. Мен: «Иә, Расулулла!», – дедім. Ол: «Мына қасқыр сен және отбасың үшін», – деді. Бұл сөздерді естіген мұсылман кісі ұялып, өкініштен өзегі күйіп үйден шығып кетті. Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында жихад қылғанмен тең», – деген. «Кімде-кім артында қалатын ұсақ (жас) балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ (жас) балалары үшін де сондай қамықсын. (Жетімдер туралы) Алладан қорқып, тұратынын айтсын» («Ниса» сүресі, 9-аят), деген аят та осының айғағы. Шынайы мұсылманшылық, кеңпейіл, таза жүрек міне, алдымен біреуге жақсылық қылу. Алланың мейірімі деген шексіз ғой. Тіпті сол бір жетімнің басынан сипаған үшін сауап жазатынын айтсаңызшы. Тағдырдың теперішімен жетімдіктің ащы дәмін татқан кішкене баланың еш кінәсі жоқ. Балаға бүйрегіміз бұрып, еміренбесек, онда жүрегіміздің қарайғаны болар...

Жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңнің немесе бала-шағаңның алдынан шығады. Егер бір жетім баланың басынан сипап, қайырымдылық көмек көрсетсең, жылы сөз сөйлеп мейірімділік жасасаң, сол жасаған ісіңнің жақсылығы еселеп екі дүниеде де міндетті түрде қайтады. Жамандық та дәл солай...

Жақсылықты тек Алла Тағаланың разылығы үшін жасау керек, басқа мақсаттардың болмай, шын ықыласпен, таза ниетпен ғана жасау абзал екендігін айта кетейік. Алла Тағала баршамызға разы болсын. Әмин!

 

                                                           Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы  Құмар ҚОНЫСКЕРЕЙ

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz