Біләл (р.а.) ұзын бойлы, денесінің терісі қатқыл қара түсті, арықша бітімді, жұқа шашты кісі болған екен. 30 жасында Ислам дінін алғаш қабылдаған алғашқы құл болатын. Аллаға деген құлшылығын арттырып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адал жүректі қолғанатшысы бола білген. Оған көзі тірісінде Жәннат сүйіншіленген. Ислам дінін қабылдағанын айқара ашып айтқан жаужүректі жеті кісінің бірі болған. Сондай-ақ, сол үшін өте қиын жантүршігерлік азап тартқан бес мұсылман бауырдың қатарынан. Жұрт оны мақтағанда ұялғаннан басын төмен қарататын да: «Мен кеше ғана құл болған эфиоппын» деп, жанарынан жастары аға көзін жұмған.
Біләлді (р.а.) дінге деген сенімінің күштілігі мен адал жүрегі және оның өте қарапайымдылығы ешқандай байлық жеткізе алмайтын биік дәрежеге жеткізді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала ешқандай пайғамбарға қолқанат болатын жеті дос берген жоқ, бірақ маған ондай достан он төрт берді: Хамзатты, Жафарды, Әли, Хасан, Хусайн, Әбу-Бәкір, Омар, Микдад, Хузайфат, Салман, Аммар, Біләл, Ибн-Масуд пен Абу-Заррды (оларға Алла разы болсын)» деген. Тағы бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) таңғы намаздан кейін Біләлға (р.а.) қарап: «О, Біләл, үлкен үміт артып жүрген осы Ислам дініне қосқаның не? Расында осы түні мен сенің Жәннатқа қарай басқан қадамыңның дауысын естідім» деп сұрайды. Біләл (р.а.): «Мен күндіз немесе түнде дәрет алғанымда міндетті түрде Алланың қалағанынша нәпіл намаз оқитынмын» деп жауап қайтарған (Муслим). Біләл (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оған «...сенің Жәннатқа қарай басқан қадамыңның дауысын естідім» деп айтқан сөздерін есіне алған сайын ол еңіреп жылайтын.
Аударған Гүлмира Сабырқызы
«Жанқұтты би» мешітінің баспасөз хатшысы
Шет ауданы