Center Image
IHSAN.KZ
Уақып - маңызды құндылық
Уақып - маңызды құндылық

  Уақып сөзі қазіргі уақытта кеңінен етек алуы үшін әр өңірде маңызды насихаттар жасалып келеді. Дегенмен, уақыптың өміршеңдігін арттыру үшін оны айналамыздағы адамдарға насихаттау ісін арттыра беру бүгінгі уақыт талабы. Өткенімізге көз салсақ, бұл сауапты істі ата бабаларымыз тұрмыс тіршілігінде даналықпен атқарып отырғандығын көруге болады. Бұрындары қазақтың бай бағландары ауыл аймағының жағдайын ойлап отыратын болған. Олар тек мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деп мақалдаған қазақ халқы жағдайы келіскен ауқатты адамдардың бар болуын тұспалдап, тілектестігін аңғартқан. Себебі, халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан екен. «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай» деген аталы сөздің астарында, қандай жағдай болса да, қамқорлық пен бауырмалдық қасиеттерді сақтай білгендігі жатыр. Осындай үйлесімді өмір сүргендіктен, байдың малын баққандар оны өз малындай аманатпен қараған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» деп, қайырлы амалдың артықшылығын жырға қосқан. Әлсіздерге, кедейлерге жәрдемдескен адам өзінің адамгершілігін айғақтайды. Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады. Ал, дүние мүлкінен, кәсібінен Алла жолына деп уақып жасап, оның халыққа, қоғамға тигізетін пайдасы мен сауабын «ай мен жұлдыз, күн көрген» дегендей, күндіз түні сауабына бөленіп отыру мұсылманның үлкен мұраты. Сауаптың үлкен кішісі деп бөліп жармай, аз болса да тұрақты жасалып тұратын игі амалдарды арттыруға ниетімізді бұра жүрейік.

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz