Бүгінгі цифрлы қоғамда жастарда ешқандай мәселе жоқтай көрінеді. Өйткені ғаламторға еркін кіруге, оның мүмкіндіктерін пайдалануға барлық жағдай жасалған. Тіпті жұмыссыз қалу да қиын сияқты. Алайда шынайы өмірде жастардың алдында тұрған өзекті мәселелер аз емес. Соның ішінде ең маңыздысы — жұмыссыздық пен отбасын құру.
Жастардың жұмысқа орналасуы мен шаңырақ көтеруі — қоғамның тұрақтылығы мен болашағы үшін аса маңызды. Қолына диплом алған жастардың көбі елдің шалғай өңірлеріне баруға жүрексінеді, сөйтіп қалада қалып қоюға тырысады. Бұл — аймақтардағы білікті кадрлардың тапшылығына себеп болып отыр. Нәтижесінде, дәрігер, IT саласы және өндірістік мамандықтарға сұраныс артқанымен, оларды атқаратын маман табылмай жатады.
Қоғамның дамуы мен елдің келешегі жастардың еңбекке араласуына тікелей байланысты. Алайда соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық артып келеді. Бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік әрі психологиялық мәселеге айналды. Жастардың еңбек нарығында өз орнын табуы — олардың ертеңгі тағдырын айқындайды.
Жұмыссыздықтың белең алуына елімізде өнеркәсіп орындарының аздығы себеп делінеді. Бұл да шындық. Бірақ біз мынаны ұмытпауымыз керек: білімді жас жұмыссыз қалмайды. Білім алу — болашақтың кілті. Біліммен ел көгереді, жер көгереді. Бұл — әрбір адамның міндеті. Себебі Құран Кәрімде ең алғаш түскен аят «Иқра!» — «Оқы!» деген бұйрықпен басталған. Бұл аят адамзатқа білім алудың, оқу мен жазудың маңызын ұқтырады.
Тарихқа көз жүгіртсек, мұсылман жұрты білімді тал бесіктен жер бесікке дейін парыз деп білген. Қасиетті Құран мен сүннетті өміріне өзек еткен мұсылмандар ғылым мен білімге ден қойып, әлемге нұр таратты. Соның нәтижесінде, Ислам діні таралған аймақтарда ғылым мен мәдениет дамып, есімдері тарихта алтын әріппен жазылған ғұламалар шықты.
Жұмыссыздық мәселесінің шешімі — дұрыс мамандық таңдауда. Қазіргі таңда интернет кеңістігінде табыс табуға, жеке кәсібін бастауға мүмкіндіктер мол. Бұл мәселе шешімін тапса, жастар арасында кең тараған екінші өзекті тақырып — отбасын құру мәселесі де оң шешімін табар еді.
Жастардың отбасын құруға асықпауына басты себеп — баспана мәселесі. Ер жігіттер алдымен үй алуға тырысса, қыздар да баспанасы бар, айлығы жоғары жігіттерді іздейді. Мұндай жағдайда сезім, махаббат екінші орынға ысырылып, отбасылық өмірдің іргесі материалдық жағдайға құрылып жатыр. Ал сезім жоқ жерде шынайы отбасы да берік болмайды.
Қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Бұл сөздің астарында терең мән жатыр. Махаббатсыз, түсініспеушілік көп отбасында қаражат, бала тәрбиесі, ата-ене қатынасы сияқты мәселелердің шешімі қиындай түседі.
Қазіргі жастар материалдық қажеттілікті бірінші орынға қойып отыр. Алайда хадисте: «Дүние — өткінші нығмет. Дүние нығметінің ең қайырлысы — салиқалы әйел» делінген. Яғни иманды, білімді, ислам құндылықтарымен тәрбиеленген қызға үйлену — үлкен бақыт. Сондықтан әрбір әке қызының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, оны имани ортада, ізгі ортада өсіруі тиіс.
Жастарға айтарымыз — материалдық жағдайды бірлесе шешуге болады. Үйлі болғаннан кейін берекелі табыс келеді. Екі жас бір-бірін түсініп, ақылдасып, ортақ шешім қабылдаса, кез келген қиындықтан шығуға болады. Қазақта «Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» деген. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бір-бірін жақсы көретін екі адамның некеден артық амалын көрген емеспін» деп жастардың некеге тұруына жігер берген.
Демек, жастардың жұмыссыздық пен отбасын құру мәселесінің шешімі — білім мен иманда, еңбек пен ықыласта, сенім мен сабырда жатыр.
Алла Тағала жастарымызға терең білім, адал ризық-несібе мен ізгі жар нәсіп етсін!
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің имамы