Жастар – қоғамның тірегі, ел болашағының алтын діңгегі. Ислам діні жастарға айрықша көңіл бөлген. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі дана, ұлттың ұстыны, руханияттың ұрпағы. Сол себепті де жастардың діни тәрбиесі мен рухани әлемі – аса маңызды мәселе.
Жастар және Ислам құндылықтары
Ислам – ізгілік пен парасат діні. Қасиетті дініміз жас ұрпақты әділетке, адалдық пен ар-ождан тазалығына баулиды. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:
«Расында, Біз олардың хикаясын саған шындықпен баян етеміз. Шынында, олар – Раббыларына иман келтірген жас жігіттер еді. Біз де олардың тура жолда болуын арттырдық» (Кәһф сүресі, 13-аят).
Бұл аятта жастайынан Жаратушысына мойынсұнып, тура жолдан таймаған жастардың мәртебесі биік екені көрініс табады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да жастардың имандылық жолында болуын үнемі насихаттаған. Бір хадисінде ол:
«Жеті түрлі адам Қиямет күні Алланың саясында болады. Солардың бірі – жастайынан Раббысына құлшылық еткен жас» (Бухари, Муслим).
Яғни, жастық шақ – құлшылық пен ізгілікті өмір салтына айналдыруға ең қолайлы кезең. Осы кезеңді дұрыс пайдалана білген жан екі дүниеде де бақыт табады.
Жастарды дінге баулудың маңызы
Бүгінгі таңда жастар рухани дағдарыс пен түрлі адасушылыққа жиі ұрынып жатады. Теріс бағыттағы ағымдар мен жат идеологиялардың ықпалынан сақтану үшін діни тәрбиенің берік іргесін қалау қажет. Бұл ретте мешіттердің, имамдардың, ұстаздар мен ата-аналардың жауапкершілігі орасан.
Жастарды Ислам құндылықтарына баулудың бірнеше тиімді жолы бар:
-
Отбасылық тәрбие – Иманды ұрпақ тәрбиесі ата-ананың міндетінен басталады. Баланың жүрегіне Аллаға деген сүйіспеншілік пен тақуалықты ерте бастан ұялату қажет.
-
Сенімді діни білім – Жастар тек шынайы, дұрыс дереккөздерден білім алуы тиіс. Бұл – адасушылықтың алдын алудың негізгі кепілі.
-
Өнегелі орта – Жақсы дос, жақсы орта – рухани дамудың тірегі. Ізгі адамдармен араласу адам мінезін көркейтіп, жүректі тазартады.
-
Жастарға қолдау көрсету – Олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру, ақ пен қараны ажыратып көрсету – үлкендердің міндеті.
Қорытынды
Жастар – ұлттың болашағы ғана емес, дін мен дәстүрдің жалғастырушысы. Олардың жүрегіне иман дәнін себу, көркем мінезбен сусындату – әрбір мұсылманның борышы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
«Сендердің ең жақсыларың – мінез-құлқы ең көркемдерің» (Бухари).
Ендеше, жастар көркем мінезді, білімді, иманды болса – қоғамымыз да нұрланып, берекелі болмақ.
Алла Тағала жастарымызға тура жол нәсіп етіп, иманмен өрілген өмір, берекелі болашақ сыйласын!
Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы
Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы