Әдет – белгілі бір жағдайлар мен қажеттіліктерге байланысты қалыптасқан әрекет. Уақыт өте келе ол мінезге айналады. Бұл жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – тағдырыңа айналады» деген.
Күнделікті әрекеттеріміз өзімізге байқалмай, бірте-бірте әдетке айналады. Шындықты мойындайық: көпшілігіміздің өмірімізде ұялатын, одан құтылғымыз келетін жаман әдеттер бар. Мысалы, көзді жиі жыпылықтату, тырнақ тістеу, тіс қайрау, аяқ дірілдету сынды әрекеттер сырт көзге оғаш көрінгенімен, өзімізге сол сәтте жүйкеміз тынышталып жатқандай сезіледі.
Бірі күні бойы көгілдір экранға телміреді, енді бірі әлеуметтік желіде уақытының көбін өткізеді, біреу артық салмақтан арыла алмай жүреді, тағы бірі өкпешіл не ашуланшақ мінезінен құтыла алмай жүр. Кейбір мұсылмандар да темекі тарту немесе ішімдік ішу сияқты зиянды әрекеттерден бас тартуға қиналып жатады. Кейде тіпті танау шұқу немесе өсек айту секілді «ұсақ» жаман әдеттерден арылу да оңай шаруа емес.
Ғалымдардың айтуынша, жаман әдетті пайдалы нәрсемен алмастыру үшін орта есеппен үш ай уақыт қажет. Сондықтан алғашқы күндер оңай тимеуі мүмкін. Бірақ төзімділік пен табандылық таныта білсек, кез келген қиындықты еңсеруге болады.
Жаман әдеттен арылу үшін келесі кеңестерді ескерген жөн:
• Алдымен, өзіңіздегі кемшілікті мойындаңыз. Мәселені мойындамай тұрып, онымен күресуді бастау мүмкін емес.
• Бұл әдеттен құтыла аласыз ба – бәрі өз ниетіңіз бен ерік-жігеріңізге байланысты. Шын ниеттенсеңіз, Алланың жәрдемімен бәрі мүмкін.
• Алла Тағала қателігін мойындап, түзелуге тырысқан құлдарын жақсы көреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ):
«Жаным иесімен ант етемін, егер сендер күнә жасамасаңдар, Алла сендерді жоқ етіп, орындарыңа күнә жасап, тәубе ететіндерді жарататын еді» (Мүслим) деген.
• Нақты жоспар құрыңыз. Өзгеру үшін не істеу керек екенін анықтап алыңыз және оған белгілі бір уақыт бөліңіз.
• «Аз болса да, тұрақты жасалатын амалдарды Алла жақсы көреді» (Бұхари мен Мүслим).
• Жаман әдеттен арылу үшін оны өміріңізден түбегейлі алып тастауға тырыспай, орнына пайдалы әрі сауапты іспен алмастырыңыз.
Мәселен, теледидар алдында өткізетін уақытыңызды кітап оқуға немесе спортпен шұғылдануға арнаңыз. Әлеуметтік желідегі пайдасыз жазбалардың орнына ислам ғалымдарының уағыз-насихаттарын тыңдаңыз. Қосымша құлшылықтарды әдетке айналдырыңыз – Құран оқыңыз, зікір айтып, дұға жасаңыз. Діндес бауыр-сіңлілеріңізбен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) бір хадисінде былай деген:
«Қайда болсаң да Алладан қорық. Жаман әрекетті артынан келетін жақсы амалмен жуып-шай. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста бол» (Тирмизи).
Сондай-ақ, Алладан көмек пен жәрдем сұраңыз. Шынайы түрде дұға етіңіз. Себебі біз Алла жолына бір қадам жасасақ, Ол бізге көмек көрсетуге дайын. Қасиетті Құранда былай делінген:
«...Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады...» (Талақ, 2–3-аяттар).
Берік Алпысбайұлы
Шет аудандық «Жанқұтты би» мешітінің имамы