Center Image
IHSAN.KZ
Жастардың санасын улаған қауіпті дерт
Жастардың санасын улаған қауіпті дерт

Ислам діні көптеген пайдалы әрі адал ойындарды халал етіп, кез келген құмар араласқан ойындарды харам еткен. Құранда Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар – лас нәрсе әрі шайтанның істерінен. Олардан аулақ болыңдар, сонда құтыласыңдар» («Мәида» сүресі, 90-аят), – деп бұйырған. Аятта құмар ойыны арақпен қатар айтылғандықтан, оның зияны мен зардабы арақтан кем емес екені айқын.

Бұл жерде құмар ойыны тек карта немесе казино секілді ойындармен шектелмейді. Егер қандай да бір ойында бір жақтың зиян шегуі немесе мал-мүлкінен айырылуы болса, ол ойын харам болып есептеледі. Ақша, мал немесе құнды дүниелер тігіліп ойналатын барлық ойындар құмарға жатады. Мәселен, ұлттық асық ойынын ойнаған кезде екі тарап ақша тігіп, жеңгені алып кетсе, бұл ойынның өзі де харамға айналады.

Қазіргі кездегі ұтыс ойындары (лотереялар) да құмар ойынының бір түрі болып саналады. Лотереяның астарында мынадай нәрсе жатыр: көптеген адамдар ақша жинап ортаға салады. Содан кейін жеребе арқылы бір немесе бірнеше адамға ғана бүкіл жұрттың жинаған ақшасы беріледі. Шын мәнінде, бұл – казинодағы құмар ойынымен бірдей нәрсе. Кейбір адамдар адал еңбегімен тапқан ақшасын отбасының нәпақасынан жырып, ұтыс ойындарына салып жатады. Бұл ойында да жеңіс кездейсоқтық арқылы болады, ал бұл Ислам қағидаларына қайшы.

Соңғы уақытта кейбіреулер көлігін немесе бағалы мүлкін тігіп, әлеуметтік желілерде ұтыс ойнатып жүр. Мұндай ұтыстардың барлығы да харам болып саналады.

Алла Тағала құмар ойынды харам етуінде көптеген хикметтер бар. Олардың кейбірі төмендегідей:

Мұсылманның өмірлік табысы кездейсоқ сәттілікпен емес, адал еңбегімен, маңдай терімен келуі керек.

Өзгенің дүниесін алу адал жолдармен (сауда, ауыстыру, сыйлық) болуы қажет. Ал құмар – әділетсіз жол.

Жеңілген адам сырт көзге білдірмегенімен, іштей өкініш пен ренішке бой алдырады, ал жеңген адамға деген көреалмаушылық сезімі пайда болады. Бұл – қоғамдағы алауыздықтың бастауы.

Құмар ойыны адамды тәуелділікке әкеп соғады. Бір ұтылған адам қайта ұтуды көздейді, ал ұтқан адам одан сайын қызығып, ақырында айығуы қиын дертке шалдығады.

Құмар ойындары мұсылманның құлшылығына, рухани дамуына кері әсер етеді.

Құмар ойындарының зияны жеке адаммен шектелмейді, ол бүкіл қоғамға кесірін тигізеді. Нәтижесінде еңбекке ынтасыз, құмарлыққа салынып, рухани-моральдық құлдыраған ұрпақ өсіп шығады.

Сондықтан жастарымызды мұндай зиянды әрекеттерден сақтандырып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – бәріміздің ортақ міндетіміз.

 

Ербол Мұқанұлы

Қарағанды қалалық

«Хазрет Али» мешітінің имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz