Қазақта «Болар баланың бетінен қақпа, белін бу» деген тәмсіл бар. Бұл — ойға алған ісін соңына дейін жеткізетін, құлшынысы мол, екпінімен тау қопарардай жас өренге кедергі келтірмей, қайта қолдау көрсетіп, жол сілтеу керектігін білдіретін даналық сөз. Алайда бүгінде күні бойы телефонға телміріп, тәрбиені гаджеттен алып жүрген жас ұрпақтың беталысы қандай? Осы тұрғыда еліміздегі жастардың қазіргі ахуалы жөнінде аз-кем ой қозғасақ.
Білім мен еңбек — басты тірек
Бүгінгі таңда білім беру жастар үшін басты құндылықтардың бірі болып қалуда. Алайда еліміздегі білім жүйесі заман талабына сай жетіле алмай отыр. Оқу бағдарламаларының ескіруі, теория мен тәжірибенің алшақтығы, алған білімін өмірде қолдана алмау — жастардың болашағына қауіп төндіріп отыр.
Көптеген жоғары оқу орындары түлектерді еңбек нарығына тиімді бейімдей алмай отыр. Көпшілік жас маман алған білімін нақты өмірде қолдана алмай, кәсіби жолын табуда қиналады. Салдарынан жұмыссыздық көбейіп, қоғамда біліксіз мамандар саны артады.
Сонымен қатар еңбек нарығында да жастардың жай-күйі күрделі. Жоғары білім алғанымен, жұмыс табу қиын. Әсіресе тәжірибесі жоқ жастар көп қиындық көруде. Ауыл-аймақтарда жұмыс орындарының тапшылығы, кәсіпорындардың азаюы — жұмыссыздықтың артуына себеп болып отыр. Бұл жағдай жастардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, психологиялық күйіне де кері әсер етеді. Көптеген жас мамандар «оңай жолмен» табыс табуды көздеп, кейде алаяқтық схемалардың арбауына түсіп жатады. Мұның соңы қоғамда заңсыздықтың көбеюіне әкелуі мүмкін.
Психологиялық және рухани жағдай
Жастар арасындағы психологиялық күйзеліс те өзекті мәселе. Әлеуметтік желілердегі жалған бейнелер, идеалдарға ұмтылу, шынайы өмірмен салыстыру — жастардың ішкі сенімін әлсіретіп, күйзеліске әкелуде. Өмірдің жылдам қарқыны, өзгермелі заманның қысымы, әлеуметтік желілердегі салыстыру мен идеалға айналған жалған көріністер – жастардың өз-өзіне деген сенімін азайтып, күйзеліс пен депрессияға әкеліп соғуда.
Бұдан бөлек, қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардан алыстау, моральдық бағдардың әлсіреуі, рухани бос кеңістіктің пайда болуы — жастардың адасуына жол ашуы мүмкін. Жаһандану мен ақпарат тасқыны жастарды ұлттық құндылықтардан алыстатып, дәстүрлі тәрбие мен отбасылық институттан ажырата бастады. Кейбір жастар рухани бағдарсыз қалып, өзіндік құндылықтарды іздеуде жаңсақ жолға түсуі мүмкін. Бұл — ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік пен құндылық қақтығысының бір көрінісі.
Жастар — ел болашағы
Жастар – елдің болашағы. Олардың бойындағы тың күш пен жаңашыл ойды дұрыс бағытқа бұру қажет. Мемлекет тарапынан жастар саясатын жетілдіру, білім мен кәсіптік дағдыны дамыту, рухани қолдау көрсету – уақыт талабы. Жастарға арналған кәсіби бағдар, кәсіпкерлікті дамыту курстары, тәжірибелік білім беру – олардың әлеуетін толық ашуға сеп болады. Сондай-ақ, психологиялық қолдау мен рухани тәрбие де қатар жүруі тиіс.
Жастардың сенімін оятып, оларға бағыт беру – бәрімізге ортақ міндет. Сонда ғана ел ертеңі еңселі, келешек кемел болмақ.
Айдаржан Қасенов
Шабанбай би ауылы мешітінің молласы