Бес уақыт намаздың әрбірінің өзіне тән арнайы оқылатын уақыттары болғандықтан, мұсылман адам әр намазды Алла Тағала парыз еткен өз уақытында оқуға барынша тырысуы керек. Себебі, уақытында оқылған намаздың сауабы мол. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:
إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا
«Расында, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды». 1 Және Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадистерінде:
أفضلُ الأعمالِ الصَّلاةُ لوقتِها
«Амалдардын ең жақсысы – уақытында оқылған намаз»² деген. Алланың рақметінен үміт күткен барша мұсылман Алла Тағала міндеттеген ұлы ғибадат намазға немқұрайлы қарамауы тиіс.
Алайда түрлі себептермен намаздарын уақытында оқи алмаған адамдар үшін дінімізде бір неше арнайы үкімдер бар. Солардың бірі белгілі себептермен таң намазын кеш оқыған адам «таң намазын оқып тұрғанда күн шығып кету» мәселесі. Бұл жағдайға қатысты Ханафи мазһабының фиқһ кітаптарында мынадай мәліметтерді кездестіреміз. Имам Шурунбуләли (р.ғ) «Нурул идох» атты еңбегінің «Мароқи әл-Фәләх» атты түсіндірмесінде намаз оқушының намазы бұзылатын 86 жағдай жазылған. Соның бірі:
طلوع الشمس في الفجر
«Яғни біреу таң намазын оқып тұрған кезде күн шығып кететін болса, намазы бұзылады» деген. Себебі фиқһ негіздеріндегі қағидаларға сәйкес кемел уақытта парыз болған құлшылық нұқсан болған уақытта өтелмейді. Бұл жердегі кемел уақытта парыз болған ғибадат: өз уақытында парыз болған таң намазы. Ал нұқсан болған нәрсе: күннің шығуымен парыз дәрежесінде болған ешқандай намаз уақытының кірмеуі. Яғни күн шығып келе жатқан уақытта намаз оқылмайды. Сондықтан таң намазының парызын оқып бітірмей жатып, күн шығып кететін болса, кейіннен қазасын өтейді. Бұл жерде ескере кететін мәселе, намаздың негізгі парыздары соңғы отырыстан кейін аяқталады. Сондықтан бір адам салауат оқып жатқанда немесе сәлем берерде күн шығатын болса, ол адамның намазы күн шықпай тұрып аяқталған намаз болады. Қазасын өтеу міндет болмайды.
Ниса сүресі 103 аят 1
Сахих әл Муслим ²
Мароқи әл-фәләх 272 бет ³
Жүсіп Шұғайұлы
Қарағанды облысы Әнет баба мешітінің ұстазы,
шариғат және пәтуа бөлімінің маманы.