Center Image
IHSAN.KZ
Қазақ халқына сіңген дархан мінез
Қазақ халқына сіңген дархан мінез

Қазақ халқының жаны кең, пейілі дархан. Бұл — тек халықтық сипат қана емес, Алланың берген бір нығметі, жаратылыс болмысы. Дархандық – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл қасиет ғасырлар бойы ұлттың ділі мен дініне, салт-дәстүрі мен адамгершілік қағидаттарына негізделіп қалыптасты.

 

Дархандықтың діндегі негізі

Ислам діні — мейірімділік пен кеңпейілдіктің діні. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты ең көркем түрде қайтар. Сонда көрдің бе, саған дұшпан болған адам жақын досқа айналады» (Фуссилат, 34) — деп, кешірім мен кеңдікке үндейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бір хадисінде: «Алла рақым етпеген пендеге адамдар да рақым етпейді»,-деген. Демек, кішіпейілділік пен жомарттық — тек адамдық емес, имандылықтың да өлшемі.

Қазақ халқы осы ислам құндылықтарын салт-дәстүрімен сабақтастырып, дархан мінезін қалыптастырды. Мысалы, ас беру, бата жасау, жолаушыға қонақжай болу – мұның барлығы да шариғаттағы садақа, құрмет, мейірім, қонақжайлық секілді амалдарға негізделген.

 

Дәстүр мен діннің тоғысы

Қазақтың байырғы салттарында діннің исі аңқып тұрады. Мәселен, жеті атасын білу – тек рулық жүйе емес, шариғаттағы нақақ қан төкпеу, зинадан сақтану сынды үкімдерге дін жолымен үндес. Сол сияқты аруаққа Құран бағыштау, марқұмға Құдайы ас беру, иіс шығару, жылдық өткізу – барлығы да исламдағы садақа беру, дұға жасау, марқұмның сауабын арттыру сынды амалдармен ұштасады.

Қазақтың «жақсылықты жасырма, жамандықты жасыр»,- дейтіні де Исламның «жақсылықты насихатта, жамандықты жап»,- деген қағидасына сай келеді.

 

Қазақ мінезіндегі кеңдік пен кешірім

Қазақ «Қолыңнан келсе, қонаққа қазан көтер»,- дейді. Бұл тек салт емес – діндегі мүсәпірге қамқор болу қағидасының өмірдегі көрінісі. Бір кесе шай, бір табақ ет – үлкен сауап іс деп есептелген. Ауылыңа келген жолаушыға мал сойып, құрмет көрсету – Алланың разылығы үшін жасалған амал. Бұл — Құрандағы «Қонақты құрметтеңдер»,-деген үкіммен астасып жатыр.

Кешірімділік те — дархан мінездің көрінісі. Қанша рет жауласса да, қазақтар келісім мен татуласуға ұмтылған. «Қанды кек – Құдайға ғана тән»,-деп, шариғаттың үкіміне мойынсұнған. Мұның өзі дін мен дәстүрдің үйлесімдігі.

Қазақтың дархан мінезі — даланың кеңдігімен, жүректің мейірімімен, діннің тәрбиесімен, дәстүрдің тереңдігімен біте қайнасып жатыр. Бүгінгі ұрпақ сол кеңпейілдіктің, сол имандылықтың мұрагері екенін ұмытпауы керек.

Дін мен дәстүрді жарастыра білген елдің болашағы баянды болмақ. Қазақтың дархан мінезі — адамзатқа үлгі боларлық ұлттық болмыс, рухани байлық.

 

Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz