الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Алла Тағаланың бұл өмірде адам баласына берген үлкен нығметінің бірі – шаңырақ көтеріп, отбасылы болу. Отбасын құру – барлық пайғамбардың сүннеті. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Рағыд» сүресінің 38-аятында:
وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلًا مِّن قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجًا وَذُرِّيَّةً
«Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз», – деп айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ
«Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімді орындамаса (бас тартса), менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады», – деген (имам Бұхари).
Асыл дінімізде де отбасы құндылықтарын сақтау жолдары өте нәзік суреттелген. Қасиетті Құран аяттарында ер мен әйелдің бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер», – деген.
Қарап тұрсаңыз, Аса құдіретті Алла Тағала әлемдегі барша жаратылысты жұп-жұбымен жаратқан. «Жалғыздық тек жаратқанға жарасқан» деген халықпыз. Иә, әрбір тіршілік иесі тек қана өзінің жұбымен ғана жарасымды. Сондықтан да адам баласы ер жеткенде өз теңін іздейді. Өз отауын тігіп, шаңырағын көтеруді көксейді, жарасымды жанұя құруды қалайды. Өмірдегі ең жауапты кезең де ғұмырлық жар таңдау сәті. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32-аятында: «Егер олар кедей болса, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла аса кеңшілік иесі, толық білуші», – делінген. Осы аят жайлы хазіреті Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алланың сендерге некелесу жайлы айтқан әміріне бойұсыныңдар, сонда Алла сендерге уәде еткен кеңшілігін (молшылығын) береді».
Демек, некелескен жан Алла Тағаланың кеңшілігіне бөленеді екен. Қазақ халқының да «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақылы осыдан бастау алса керек. Яғни, жанұя құрып, шаңырақ көтеру – ризық-несібенің артуына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп.
Мұсылманның бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды, ізгі әйел. Әйел – ер-азаматтың аяулы жары, өмірлік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен өсиетте ізгі әйелдің сипаты былай баяндалады: «Аллаға деген тақуалығынан кейін мүмин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. (Ізгі әйел) күйеуінің тілін алады, күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намысы мен абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді». Дегенмен, Пайғамбарымыз айтқандай, «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты, ал әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты». Осы орайда, ер-азаматтың жұбайына жақсылық етуі, құрмет көрсетуі, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзі жұмсақ болуы және көңіліне шаттық беруі күйеулік міндеті болып табылады. Сонымен қатар, әйелінің кейбір сөздері мен әрекеттеріне сабырлық танытуға да тиіс. Бұл жайлы «Ниса» сүресінің 19-аятында: «...Сондай-ақ, олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген қайыры болуы мүмкін», – деп баяндалған. Демек, ер кісінің әйелін құрметтеп, қадір тұтуы оның жоғары көркем мінез иесі екендігін білдіреді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандар, міне, солар араларыңдағы жақсыларың», – десе, басқа бір риуаятта: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп, әйелге атүсті емес, Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады.
Ал, енді отбасының негізгі тірегі, шаңырақтың құты болған ата-ана тақырыбына ойысар болсақ, әке-шешеге жақсылық жасауды қасиетті Құран кітабында Алла Тағала өзіне құлшылық қылудан кейінгі маңызды орынға қойғанын көреміз. Алла Тағала былай дейді: «Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «үһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!» .
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген асыл қасиеттерді жаңғырту мақсатында 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Бақытты отбасы – мызғымас қоғамның іргетасы. Қоғам қарым-қатынасының қағидалары отбасы құндылықтары негізінде қалыптасады. Демек, қоғамның дамуы мен өркенденуінің басты тетігі салауатты отбасының негізінен басталуы керек. Дәл сол сияқты қай қоғамның болмасын рухани құлдырауының, іштей ыдырауының басты себебі де отбасы ішіндегі тұрақсыздықтың салдарынан туады. Ендеше, отбасымыздың бақытты да берекелі болуына әрбір мұсылман үлкен маңыз беріп, асыл дініміз талап еткен отбасылық ақыларды орындап, ізгі ұрпақ тәрбиелеуге тырысқанымыз жөн.
Алла Тағала әрбіріміздің отбасымызға береке, елімізге амандық беріп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі