الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد
وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз
Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер
болсын!
Адам баласының атқаратын құлшылығы, ізгі істері кемел
әрі дұрыс болуы үшін ең қажетті маңызды сипат – ықылас. Ықылас
деп – Алла Тағалаға ешбір нәрсені ортақ етпей, әрбір істі
жалғыз Оның ризалығын қалап, шынайы берілуімен құлшылық етуді айтамыз.
Адам баласының өмірінде ұстанатын басты
құндылықтарының бірі – әрбір ісінде қылытасты, яғни тұрақты, сабырлы әрі жүйелі
болу. Бұл – имандылықтың белгісі әрі өмірдің берекесін арттыратын қасиет.
Өйткені асығыстық, тұрақсыздық пен немқұрайдылық – адамның істерін берекесіз
қылып, жүрегін әлсіретеді.
Алла
Тағала қасиетті Құранның «Бәйина» сүресі, 5-аятында:
وَمَا أُمِرُوا إِلاَّ لِيَعْبُدُوا اللهَ مُخْلِصِينَ
لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلاَةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ وَذَلِكَ
دِينُ القَيِّمَةِ
«Асылы, олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын
ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған.
Нағыз тура дін міне – осы», – деп айтқан.
Ықыластың
орны жүрек. Имам Журжәни (Алла оны рақымына алсын): «Ықылас –
жүректі лас дақтардан ада етіп, тазарту. Кез келген нәрсеге өзге бір зат
араласып тұрады. Егер ол сол кемшіліктен арылып тазарса «халис» (таза) деп
атайды», – деген. Ендеше әр адам өзінің жүрегіне мән беріп, оның
тазалығына, шынайы ықыласты болуына назар аударуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз
(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ اللهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَركُمْ
وَأَمْوَالِكُمْ، وَلَكِنَّ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ
«Расында Алла сендердің түр-әлпеттеріңе,
мал-мүліктеріңе қарамайды, алайда жүректеріңе және іс-амалдарыңа қарайды», –
деген.
Хазіреті
Әли (Алла оған разы болсын): «Істің көптігіне емес, аз болса да
ықыласпен істеуге көңіл бөлу керек», – деп ықыластың маңыздылығын айтқан.
Жәләлуддин Руми (Алла оны рақымына алсын): «Сенің барлық іс-әрекетіңе
ықылас қажет. Сонда ғана Алла Тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл алады.
Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай
ұшпақсың?!» – деген.
Осыған
орай мұсылман адам әрбір ізгі амалды бір Алланың разылығын көздеп, риякерлік,
көзбояушылық, мақтан қуу сияқты істерден аулақ болады. Қасиетті Құран аяттары
мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде
айтылған ықылас тақырыбын ғалымдарымыз жан-жақты зерттеп, ол жөнінде талай
кітаптар арнаған. Мұндай тақырыпта жазылған еңбектерді оқу, ықыластың
артықшылығын, ықылассыздық зардаптарын білу мұсылманның ниет-ықыласының
артуына, ізгі амалдарды ең көркем түрде атқаруына себеп болады.
Адамның
ықыласты болып, амалдарды шынайы ниетімен атқаруы үшін ықыластың мынадай
артықшылықтарын білуіміз маңызыды:
Бірінші: Ықыласпен жасалған амал қабыл болады
Амалдың
қабыл болуының екі шарты бар. Біріншісі – ықылас, екіншісі – іс-амалдың ардақты
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келген шариғатқа
сәйкес келуі. Бұдан түсінетініміз Алла Тағаланың емес, адамдардың разылығы мен
мақтауын қалап атқарылған амал қабыл етілмейді.
Сол
сияқты шариғатқа қайшы келетін істер де қабыл болмайды. Мұсылман адам ізгі
амалы қабыл болуы үшін тек Алла Тағалағаның ғана разылығын көздеп, шынайы
ықыласпен орындап әрі шариғатымызға қайшы келетін істі істемеуі керек.
Бірде
ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі
келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сондай бір адам болады, Алланың сауабынан
үміт етіп, ислам жолында күреседі, бір жағынан оны сол үшін мақтап,
мадақтағанын қалайды», – деп еді Алла Елшісі (оған Алланың салауаты
мен сәлемі болсын): «Оған ешқандай сауап жоқ», – деді. Әлгі
кісі осы сұрағын үш рет қайталап сұрағанда да осылай жауап беріп,
үшіншісінде:
إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبَلُ مِنْ الْعَمَلِ
إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ
«Алла Тағала тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы
үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді», – деп айтады (имам Нәсәи, Әбу
Дәуід).
Сондықтан
да әрбір ізгі амалымызда ықыласымыздың дұрыс болуына үлкен мән беруіміз қажет.
Екінші: Мақтан сүюден сақтану
Абай
Хакім
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ.
Бес дұшпаның білсеңіз, –
деп айтқанындай мақтану – адамның бүкіл жақсылығының құрдымға
кетуіне себепші болатын іс. Мұсылман адам бір амалды жасар алдын не үшін, кім
үшін жасайтынына көңіл бөлу керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғафыр»
сүресі, 14-аятында:
فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ
«Құлшылықтарыңды шын ықыласпен Алла үшін жасап, Оған
дұға етіңдер», – деп айтқан.
Жүрегі
ықыласқа толы адам сөгістен де қорықпайды әрі ешкімнен мақтау, алғыс та
күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш
бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол
шынайылығынан айрылмайды.
Зұннұн
Мысри (Алла оны рақымына алсын): «Мына үш нәрсе ықыластың нышаны. Олар:
1.
Халықтың мақтауы мен даттауына көңіл
бөлмеу;
2.
Істеген жақсылығын тез ұмыту;
3.
Істеген ісінің ақыретте сауап әкелетінін
де ұмыту», – деген.
ҚҰЛШЫЛЫҚТАҒЫ ЫҚЫЛАСТЫҢ ОРНЫ:
Қандай
амал жасалса да Алла Тағала оның қалай жасалғаны мен жақсы нәтижесіне емес,
оның қандай ниетпен жасалғанына қарай сауабын береді.
Хадистегі
Алла Тағаланың: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі
үшін. Ал, ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» деуі де соған
саяды. Өйткені адам күні бойы аш жүргені сырт көзге ораза болып көрінуі мүмкін,
бірақ оның жүрегіндегі ниеті Аллаға мәлім және оның ниетінің деңгейін Өзі
өлшеп, қарымын Өзі ғана бере алады.
Сондықтан
Алла бір адамның істеген ісіне ғана қарап баға беруден бұрын, оның қандай
ниетпен жасағанын біледі. Ал адам баласы іс-әрекетке қарап қана бағалай алады.
Пайғамбарымызға
ﷺ бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сондай
бір адам болады, Алланың сауабынан үміт етіп, Ислам жолында соғысады, бір
жағынан оны сол үшін мақтап, мадақтағанын қалайды» – деді. Сонда
Пайғамбарымыз ﷺ: «Оған ешқандай сауап жоқ» – деді.
Ол
кісі осы сұрағын үш рет қайталап сұрағанда да осылай жауап беріп, үшіншісінде
былай деп қосты: «Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы
үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді» деді.
Тіпті
өзіне қауіп-қатер төніп тұрған соғыс майданында жүрген адам ниетінің
нәпсі қалауына бұрылғаны үшін амалының зая кететінін ескерсек, күнделікті
тіршілігіміздегі құлшылықтарымыздың ниетінің түзу болуы аса маңызды екенін осы
хадистен байқаймыз.
Намазда
қыблаға жүзін бұру бекітілген парыз. Дегенмен қыблаға қарауға кейбір
себептермен қиындық туып, мүмкіндік болмаған жағдайда, мысалы ұшақта т.б. бұл
құлшылық басқа тарапқа қарап та орындала береді. Бұл жерде маңызды болған нәрсе
әрекеттен көрі ниеттің басымдылығын білдіреді.
Иман
мен ниеттің орны жүрек. Жүрегіміздің дұрыс болуы барша амалымыздың түзелуіне,
амалымыздың түзелуі адамдығымыздың кемелденіп, Аллаға жақын шынайы құл
болуымызға жетелейді. Алланың шынайы ниетті құлдары Өзі уәде еткен жәннатқа
лайықты болады. Сондықтан мұсылман үшін ең құнды және баға жетпес байлығымыз
болған иманымыз бен ықылас-ниетіміздің алтын сандығы – жүрегіміз дұрыс әрі таза
болуы басты мәселе.
Амал мен ықылас дене мен жан секілді бір-бірінен
ажырамас дүниелер. Ықылассыз жасалған амал рухсыз дене сияқты. Сондықтан да
қандай үлкен амал жасалса да, бірақ онда ықылас болмаса, ақыретте ешқандай құны
болмайды. Ықыласты адам ғана Алла Тағаланың құзырында шексіз сауапқа бөленбек.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 146-аятында:
اِلَّا الَّذ۪ينَ تَابُوا وَاَصْلَحُوا وَاعْتَصَمُوا بِاللّٰهِ
وَاَخْلَصُوا د۪ينَهُمْ لِلّٰهِ فَاُو۬لٰٓئِكَ مَعَ الْمُؤْمِن۪ينَ وَسَوْفَ
يُؤْتِ اللّٰهُ الْمُؤْمِن۪ينَ اَجْرًا عَظ۪يمًا
«Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық
түзеліп, Алланың дінін шынайы ықласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар
мүминдермен бірге. Алла күндердің күнінде мүминдерді үлкен сый-сияпатқа
бөлейді», – деп айтқан.
Қорыта
айтқанда, қылытасты болу – мұсылманның басты сипаттарының бірі. Әрбіріміз
істеген амалдарымызды тұрақты, сабырлы, ықыласты түрде жалғастыра білсек,
Алланың разылығына бөленеміз.
Алла
Тағала баршамызға Әрбір амалымызды шынайы ықыласпен
орындап, тағат-ғибадаттарымыздың, дұға-тілектеріміздің қабыл болуын нәсіп ет.
Әмин!
Сайлау Жұмағұлұлы
Қарағанды қалалық
«Әл Машани» мешітінің имамы