Center Image
IHSAN.KZ
Ислам діні - мәдениеттің негізі
Ислам діні - мәдениеттің негізі

Ислам діні әр ұлттың мәдениетіне кеңінен әсер еткен. Мәдени құндылықтарды қалыптастыруда дін өкілдері бірінші өздері өзгеге үлгі бола білді. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түрік-соғды сауытын киуі, Қытайдан әкелінген заттарды пайдалануы, түрік шатырында соғысқа шығуы, арабтардың төрт жағындағы Мысыр, Византия (395-1453), Сасани (224-651) қатарлы патшалықтарға елшілер жіберіп, (630 ж.) оларды хақ дінге шақыруы, тіпті император Ираклимен хат алысып тұруы, Оның күллі адам баласына жіберілген елші екеніне әрі мәдениеттің құрушысы екендігіне бұлтартпас айғақтар болып саналады.

Қазіргі таңда дін мен дәстүрді қатар алып жүру арқылы қоғамда бәріне ортақ мәдениет қалыптасып жатыр. Батыс пен Азия елдерінің мәдениетінің бізге енуінде рухани құндылықтарды жоғалтпау үшін дініміз дәстүрімізбен қатар дамып жатыр. Осы мақсатта біздің елімізде дін мен дәстүрді терең насихаттау жүргізіліп келеді.

Президентіміздің қолдауымен білім мен  ғылым саласы қарқынды даму үстінде. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, сол елдердің ғалымдары біздің елде білім береді. Осы білім арқылы ол елдердің мәдениеті бізге ақырындап ене бастайды. Халифалар дәуірінде де дүние-жүзі мәдениеттері тығыз араласты. Қиыр шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктері батысқа, мұсылмандардың ғылыми-мәдени табыстары Қытай еліне мәлім болады. Қазір батыс пен қиыр шығыстың ғалымдары біздің елге келіп ілімдерін тарата бастады. Тарихта мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуі һәм араласуы Исламнан кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін мәдениеттер арасында өшпенділік ушығып тұрса, Исламмен бірге Шығыс пен Батыстың барша мәдениеттері арқа-жарқа болып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оған дейін белгілі бір мәдениетке ғана тән болып саналған нәрселер мұсылмандардың арқасында бүкіл әлемдік мәртебеге ие болды. Мұсылмандар билік жүргізген елдерде әрқашан да бейбітшілік орнап, дінге ерік берілгені және халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, өмір сүргендігіне тарихи деректер мол. Бұған Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ислам әлеміне қосылған жерлердегі халықтармен қарым-қатынасы айқын мысал бола алады. Құран мен Алла елшісінің жолынан таймаған мұсылман билеушілері өздері құрған қоғамның тыныштығы мен әділеттілігін қамтамасыз етіп, діни сенімге адалдық танытып, мұның өзі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қалды.

Біздің еліміз  зайырлы мемлекет,  мұсылман бауырларымыздың өзге дін өкілдерімен тату-тәтті бірлікте өмір сүруі үлкен жетістік. Ортақ мәдениеттің қалыптасуы, қарым-қатынастың бейбіт болуы еліміздің алға дамуына үлкен әсерін тигізеді. Әрбір ұлттың өркениетті қоғам құруы оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени прогресінің көрсеткіші. Бірлік, ынтымақтастық және өзара көмек: бұл негіз өркениеттің қалыптасуы мен дамуында үлкен рөл атқарады. Қоғам мүшелерінің бірлігі мен олардың бір-бірімен ынтымақтастығының рөлі соншалықты, егер адамдар бөлініп, бір-біріне көмектеспесе және ортақ істерде ынтымақтаспаса, онда қоғам тез ыдырап, тоқтап қалады. Осы тұрғыда ішкі бірлік, татулық маңызды. Оны қалыптастырып, берік ұстап тұрушы күш – ортақ сенім! Сенімді берік ұстаушы күш – дінімізде!

Алла Тағала елімізді қауіп-қатерден сақтап,  халқымызға бақыт, береке, ынтымақ берсін!

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

“Бала қажы” мешітінің бас имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz