Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Әлем мұсылмандары ардақтаған Мәуліт айы мүбәрак болсын!
Бүгінгі жаһандану дәуірінде адамзат бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түсті. Ақпараттың жылдам таралуы, мәдени ықпалдастық пен экономикалық байланыстар күшейіп келеді. Бұл – Алланың құдіретімен адам баласына берілген үлкен мүмкіндік. Дегенмен, жаһандану әр ұлттың өз болмысын жоғалтып алу қаупін де төндіреді.
Ұлт болмысы – тілде, дінде, дәстүрде. Егер адам өз тілін менсінбесе, дінін қадірлемесе, тарихын ұмытса – ол тамырынан ажыраған ағаш секілді болады. Құранда: «Әр үмметке өзіңе тән шариғат һәм жол белгілеп бердік» (Мәида сүресі, 48-аят) делінеді. Бұл – әр ұлттың ерекшелігі Алланың қалауымен екенін білдіреді.
Сондықтан мұсылман үшін жаһандану заманы – өзгенің жақсысын алып, жаманынан сақтанатын сын сәт. Технологияны үйрену – парыз, бірақ жүрек пен жанды ұлттық, имани құндылықтармен бекіту – одан да маңызды.
Жаһандану дәуірінде дүниенің есігі ашылып, халықтар араласып жатыр. Бірақ әр ұлт өз болмысын жоғалтпауы тиіс. Тілін, дінін, дәстүрін сақтаған қауым ғана мықты. Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бір елге ұқсағысы келсе, ол солардың бірі болады» деген. Демек, мұсылман өзіне лайықсыз әдетті алмай, имани және ұлттық құндылығын қорғауы қажет.
ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамып, ақпарат алмасу шапшаңдығы артқан жаһандану дәуірі.
Жаһандану – заман талабы. Одан тыс өмір сүру мүмкін емес. Алайда оның ыңғайлы тұстарын пайдалана отырып, зиянды жақтарына төтеп беру – әрбір халықтың өз қолында. Ұлттық болмысын жоғалтпаған халық қана жаһандану дәуірінде өзіндік орнын сақтап қала алады. Аталардың асыл сөздерін тілге тиек етсек, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген қанатты сөзі – ұлттық болмысты сақтайтын ең үлкен күш жастардың қолында екенін білдіреді.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастарымыз білімге ден қойып, ақпарат дамыған заманда көштен қалмай, «Елімнің дамуына қандай үлесімді қосамын», «Қайтсем халқыма пайдамды тигізем» деген қамда болса.
Бұқар жырау:
«Бірлік болмай, тірлік болмас» – деген. Бұл сөз жаһандану дәуірінде де өзекті. Ұлт болып бірлік сақтамаса, өзгеге сіңіп кету қаупі бар. Қазақтың қанатты сөзімен айтатын болсақ:
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – деген. Олай болса, көштен қалмай, жаһандану дәуірінде білімді, парасатты, адал, таза болуға ұмтылайық.
Сондықтан да «Ұлт болмысы – мәңгілік құндылық» деген ұстаным әрқашан жолбасшы болуы тиіс.
Ұлт болмысын сақтап қалған халық қана жаһандану толқынында жоғалмай, керісінше өз орнын айшықтайды. Ал иман мен ұлттық сана бірге болғанда – ол халықтың болашағы берік болмақ.
Қарағанды қалалық «Бұқар Жырау» мешітінің найб имамы
Аманбол Рымқұлұлы Мұқаев