Center Image
IHSAN.KZ
Ниеттің маңыздылығы
Ниеттің маңыздылығы

Ел арасында «Ниетің түзу болса» деген сөздерді көп естіп жатамыз. Себебі, ниет әрбір жақсы амалдың бастауы. Ниеті түзу жанның жасаған іс-әрекеттері де жүйелі болмақ. Көңілдегі көрікті ойды да өзгертетін ниетіміз. Бір істі  бастар алдында ниетке мән беріп жүрміз бе?

Ғибадат етер алдында ең алдымен ниетке ерекше мән берілуінде мағына бар. Сол секілді тұрмыс тіршілігімізде де атқарар ісімізде ең алдымен Аллаға тәуекел етіп, ниетіміздің шынайылығына мән беріп алғанымыз жөн. Ниет – жос­парлаған бір ісімізді атқару үшін санамызды сол істі атқаруға шешім қабылдауымыз. Ол ісімізді көркем түрде орындауымыз. Егер адам отбасына, қоғамға пайдалы игілікті іс істеу мақсатында бір істі жоспарласа бұл ізгі ниет. Ал, жеке басына, қоғамға залал келтіретін істі мақсат етсе бұзық ниет дейміз. Бұндай пиғылдағы адамды ел арасында «ниеті түзу емес», «ниеті бұзық» деген сөздермен сипаттап жатады. Ізгі ниетті болуымыз үшін ішкі жан дүниемізді ластықтан таза ұстауымыз, рухани тазалық үшін ішкі күресте болуымыз қажет. Себебі ниет – тек жүректен туындайтын тылсым дүние. Ал жүрегіміздегі дүниені Алла мен ниет еткен адамның өзі ғана біледі. Сырт көзге тіл жақсылықты ниет еткен болып әдемі сөйлесе де, оның шындығы жүрекке ғана мәлім. Ең негізгісі, жүректегі ниет. Хадисте де «Адам денесіндегі бір кесек еттің сау болса, басқа ағзаның бүтін болатындығы» ескертілген. Абай тілімен айтқанда адамның аяулы жері жүрекке тазалықпен әмір ете білуіміз керек. Өзіңе жеңіл болғанмен, өзгеге ауыр зіл болатындай амалдан аулақ бола білгеніміз жөн.  Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек - патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық мәселенің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет - жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты мақал-мәтелдер де айтқан. Нақты іс-әрекет адамның ішкі әлемін айқындап, оның ниетін бейнелеп тұрады. Егер адамның ішкі дүниесі мен ниет-ықыласы түзу болса, оның нақты істері, сөздері мен әрекеттері де дәл сондай болмақ.

Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген нақыл сөзі бар. Сондықтан ең алдымен әр нәрсеге жақсы ниетте болуымыз маңызды.


Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы

Бақдәулет Қыдырбайұлы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz