Center Image
IHSAN.KZ
Ер мен әйелдің мәмілесі
Ер мен әйелдің мәмілесі

Ғалым  кісілер айтпақшы, тікені жоқ  раушан гүлін  іздеген  адам оны таба алмайды. Раушанды   ұнатса, оның тікеніне де шыдас  беруі керек. Дінімізде ер мен әйелдің қарым-қатынасы туралы көптеген дүниелер айтылған. Ардақты  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол – баққанына жауапты», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Келесі бір хадисте: «Әйелдер жайында Алладан қорқыңдар! Олардың ас-суын, киім-кешегін дұрыстап беріңдер»,  деп  әйелдің  алдындағы  міндетті көрсеткен.  Бұл міндеттер отбасындағы бірлікті, татулық пен мейірімді сақтайды. Әйелдің көп жағдайда шу шығарып, ердің көңілінің сыртқа кетуіне отбасылық мұқтаждық әсер етеді. Ер азаматтың нәпақаны табуға әрекет етпеуі, бала-шағаның асы, киімі қосымша білім алуына деген мұқтаждықтың орны толмағандықтан әйел кісі сезімге бой беріп, ашу-ызадан жанжалға ауып кетеді. Бұл жағдайларда екі жақты ақылдасу, келген кірісті бірлесе жоспарлау қажет. Ер мен әйелдің мәмілеге келуі көп мәселені шешеді, шаңырақты шайқалтпай сақтап қалады.

Қандай жағдай болса да, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген ішкі сезімдері сол күйінде өзгеріссіз қалғаны бек дұрыс. Ері ашуланған сәтте әйел кісі сабыр сақтай білсе, немесе әйел ашуланған сәтте ер адам өз-өзін ұстай білсе, мұндай келіспеушіліктің соңы татулықпен аяқталары сөзсіз. Шектен шыққан қатаңдық, алға қойған мақсаттарды құрдымға жіберетінін ұмытпауымыз қажет. Ер мен әйел өз міндеттерін орындап, бір-біріне тиісті ақылдарын беріп отырса, отбасы бақыт пен сүйіспеншілікке бөленері сөзсіз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «... Алда-жалда ерлерімен жарасып қалғандай болса, онда ерлерінің келісімі бойында мұндай қадамды әйелдер де жасауға хақылы. Дегенмен еркектер әйелдерден бір саты жоғары» («Бақара» сүресі, 228-аят), – деген. Аят екеуінің әрқайсысына қатысты тең құқықтарды міндеттеген. «Дегенмен еркектер әйелдерден бір саты жоғары» деген аятты ғалымдар ер адамның нәпақа тауып, отбасын адал жолмен асырауы жайында айтылғанын алға тартады. Бұл аятқа Ибн Аббас: «Әйелдерге жақсы мәміле, жақсы қарау міндет болғаны сияқты, олар да ерлеріне бағынуға міндетті» деген.

Бір-бірін мұқият тыңдай білу де отбасындағы берекені сақтауға көп септігін тигізеді. Мұқият тыңдау арқылы екінші жақтың ойын, пікірін, шешімі қиын жағдайды қалай түсініп тұр, соның бәрін ұғып-біліп, ақылды шешімге келуге зор септігін тигізеді. Алла Қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді» дейді («Шура» сүресі, 30-аят). Сол себепті, ерлі-зайыптылар истиғфар мен тәубені көп жасағаны абзал. Аллаға бет бұрған, тіршілігін құлшылықпен безендірген ер мен әйелге Құранда мынадай сүйінші бар: «Ер немесе әйелден кім иманды (мүмін) болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз (игілікті өмір сүргіземіз). Әрі олардың сыйын істеген амалдарынан артық етіп қайтарамыз» («Нахл» сүресі, 97-аят).

Отбасындағы ер мен әйелдің ең үлкен қателігі – тұлғалық қадір-қасиетті аяқ асты ету, намысты таптау. Өзі мініп отырған бұтақты балталағанмен бірдей бұл. Себебі ең мықты қарым-қатынас тұлғалық қасиеттері мықтап орныққан отбасында орнайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)    бір хадисінде: «Қиямет күні Алланың алдындағы адамдардың ең жаманы әйеліне жақсы қарым-қатынаста болып, оның сырын ашқан ер кісі»,-деген. Ер мен әйел бір-бірінің сырын, айыбын ашпауы өте маңызды.

«Әйтеуір үйлендік қой, ары қарай не болса да көрерміз» деген түсініктен алыс болған дұрыс. Бұл түсінік күндердің күні болғанда әлі-ақ көп зиянын тигізбей қоймайды. Осы қате түсінік санаға әбден сіңіп кетсе, махаббат, сүйіспеншілік, қамқорлық қара тасқа айналады. Осындай қателіктен соң шаңырақтан береке қашып, ауызбірлік кетеді, бақыт бұлбұл ұшады. Асыл дініміз Исламда әйел адамның ері алдында орындауы керек міндеттері болғанындай, ер адамның да әйелі алдында атқаратын міндеттері бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында: «Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында (атқарылуы тиіс) міндеттері бар», – деп айтқан.

Ерлі-зайыптылар құлшылықта да бір-біріне ескертіп, Құдай қосқан қосағының қамын жеуі тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларына бұл тұрғыда көп ескерту жасайтын. Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Түнде тұрып намаз оқып, кейін әйелін оятқан, егер ол тұрудан бас тартса бетіне су шашып оятқан ерді Алла рақымына бөлейді. Түнде тұрып намаз оқып, кейін ерін оятқан, егер ол тұрудан бас тартса бетіне су шашып оятқан әйелді Алла рақымына бөлейді» деген. Ендеше әр үйдің тірегі болған ер азаматтарымыз бен шаңырақтың берекесін кіргізуші әйелдер қауымы, Алланың рақымына бөленетін салиқалы ұрпақты тәрбиелейтін, үйінде құты кетпеген әулеттен болайық. Алла Тағала әрбір  шаңырақтың берекесін кіргізіп қойсын!

 

Балқаш  қалалық  мешітінің наиб  имамы

Ниязов  Ануар


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz