Отбасы
– адамзат тарихындағы ең көне әрі
тұрақты әлеуметтік институттардың бірі. Оның негізінде махаббат, сыйластық,
жауапкершілік және ұрпақ жалғастығы жатыр. Ислам діні отбасыны қоғамның
іргетасы ретінде қарастырып, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметін,
ата-анаға қызмет пен құрмет көрсетуді, балаларды дұрыс тәрбиелеуді негізгі
міндеттердің бірі етіп белгілейді. Қазақ халқының ұлттық дәстүрінде де отбасы –
елдің тұтастығын, береке-бірлігін сақтайтын басты құндылық ретінде бағаланып,
ұрпақ тәрбиесі мен әдеп-ғұрыптың ортасы саналған. Осы тұрғыда ислам қағидаттары
мен ұлттық дәстүрдің үйлесімді сабақтастығы айқын көрінеді.
Құрандағы
отбасыға қатысты тағылымдар
Құран
Кәрімде ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік пен мейірімділік ерекше
орын алады. Алла Тағала:
>
«Оның белгілерінің бірі – сендерге өздеріңнен жұбай жаратқаны. Олар арқылы
тыныштық табасыңдар. Сондай-ақ араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салды»
(Рум
сүресі, 30:21).
Бұл
аят отбасының тек материалдық қажеттілікті өтеуші ғана емес, рухани үйлесім мен
тыныштықтың мекені екенін көрсетеді. Қазақ халқының «Отан – отбасынан
басталады» деген нақылы осы аяттағы идеяға сәйкес келіп, шаңырақтың тыныштығын
қоғамның тұрақтылығымен байланыстырған.
Хадистердегі
өнеге
Пайғамбарымыз
Мұхаммед ﷺ отбасылық қатынастарда мейірім
мен әділеттілікті басты қағидат етіп көрсеткен. Оның «Сендердің ең жақсыларың –
отбасыңа ең жақсы болғандарың» (Тирмизи) деген хадисі ерлі-зайыптылардың
қарым-қатынасындағы ізгілік пен жауапкершілікті айқындайды.
Сонымен
қатар: «Жәннат аналардың табанының астында» (Нәсәи) деген хадисінде ананың
мәртебесі ерекше аталған. Қазақ халқы да ананы қастерлеп, «Анаңды Меккеге үш
рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деп, анаға құрмет көрсетуді
дәстүрге айналдырған.
Дәстүр
мен діннің үндестігі
Ата-анаға
құрмет. Құранда: «Раббың тек Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық
жасауды бұйырды» (Исра сүресі, 17:23). Бұл қағида қазақ дәстүрінде «Атаңа не
қылсаң, алдыңа сол келеді» деген нақыл арқылы берілген.
Ұрпақ
тәрбиесі. Пайғамбар ﷺ: «Әкенің балаға берер ең жақсы
сыйы – жақсы тәрбие» деген. Қазақ халқы осы түсінікті «Ұяда не көрсе, ұшқанда
соны іледі» деп бейнелі түрде жеткізген.
Отбасы
бірлігі. Исламда ерлі-зайыптылардың өзара сыйластықта өмір сүруі әмір етілсе,
қазақ дәстүрінде «Ерді – ер еткен әйел, елді – ел еткен ер» деген мақал
отбасындағы үйлесімнің қоғамға тигізер әсерін көрсетеді.
Қорытынды
Исламдағы
отбасы құндылықтары мен қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы өзара үйлесіп,
бірін-бірі толықтырады. Құран мен хадистерде айтылған өнегелі қағидаттар қазақы
әдет-ғұрыптармен сабақтасып, берекелі шаңырақ құруға және тату қоғам
қалыптастыруға негіз болады.
Алла
Тағала әрбір шаңырақты иманмен нұрландырып, бірлік пен берекеден айырмасын.
Қарағанды
қалалық «Ар-Рахман»
мешітінің имамы Азамат Төлеуханұлы