Ислам
тарихында мәуліт айы – мұсылман қауымы үшін аса қадірлі әрі ерекше айлардың
бірі. Мәуліт сөзі араб тілінен аударғанда «туылған уақыт» дегенді білдіреді.
Бұл айда адамзаттың ардақтысы, соңғы елші, екі дүниенің шамшырағы –
Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алайһи уәсәлләм) дүниеге келген. Сондықтан
да мәуліт айы мұсылмандар үшін қуаныш пен шүкіршілікке толы уақыт болып
саналады. Пайғамбарымыздың дүниеге келуі – адамзатқа нұрдың келуі
Мәуліт
айының ең үлкен ерекшелігі – бұл айда Хақ Тағала адамзатты қараңғылықтан
жарыққа шығаратын соңғы пайғамбарын жіберген. Құранда Аллаһ Тағала:
«(Мұхаммед)
Біз сені бүкіл ғаламға рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят) – деп
баяндайды.
Осы
аяттан пайғамбарымыздың дүниеге келуі – барша адамзат үшін ең үлкен нығмет
екені айқын көрінеді. Мәуліт – сүннет пен салауат айы
Бұл
айда мұсылмандар Пайғамбарымыздың өмірі мен өнегесін көбірек еске алып, салауат
айтуға ерекше көңіл бөледі. Себебі салауат айту – Аллаһтың әмірі әрі мүмінге
берілетін мол сауаптың кілті. Мәуліт айында салауат пен дұғада болу – жүректі
жұмсартып, иманды күшейтеді. Мәуліт – бірлік пен бауырмалдық айы
Мәуліт
мерекесі мұсылмандардың басын қосып, бір-біріне ізгілік пен мейірім көрсететін
уақыт. Мәуліт кештерінде пайғамбарымыздың сираты (өмірбаяны) айтылып, жастарға
өнеге, қарттарға құрмет көрсетіледі. Бұл – үмметтің рухани бірлігін арттыратын
сәт.Мәуліт – шүкіршілік айы
Аллаһ
Тағала пайғамбарды жіберу арқылы ең үлкен нығметін тарту етті. Мәуліт айында
шүкіршілік ету – нәпіл ораза ұстау, садақа беру, Құран оқу, ізгі амал жасау
арқылы көрініс табады. Атап айтқанда мәуліт айы – тек тарихи оқиғаны еске алу
емес, пайғамбарымыздың сүннетін жандандырып, жүрегімізге мейірім мен иман
ұялататын ерекше уақыт. Бұл айда мұсылман баласы Аллаһқа шүкір етіп,
Пайғамбарға деген сүйіспеншілігін арттырып, қоғамға пайдалы іс істеуге ұмтылуы
қажет.
Байбулатов Марат Умирзакович
Теміртау
қалалық «Жақып Ақбай» мешітінің наиб имамы