Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айту – әрбір мұсылманның жүрегінде махаббаттың, құрметтің белгісі. Бұл тек тілмен айтылатын сөз ғана емес, рухтың тазаруы мен жүректің нұрлануына себеп болатын үлкен сауапты амал. Салауаттың мәні мен сырына терең үңілсек, бұл — тек діни парыз ғана емес, адамның жан-дүниесін тәрбиелейтін рухани құрал екенін байқаймыз.
Салауат деген не?
Салауат — Алланың сүйікті Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген дұға мен сәлем. Ол Құранда Алланың Өзі де, періштелер де Пайғамбарға салауат айтатыны баяндалған. Жаратқан Алла қасиетті Құранда:
«Ақиқатында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Әй, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, толықтай сәлем жолдаңдар!»
(Ахзаб сүресі, 56-аят)
Осы аяттан-ақ салауаттың маңызын көруге болады. Бұл — Алла Тағаланың тікелей әмірі.
Салауат айтудың рухани пайдасы
Салауат айту — жүректі жұмсартады, нәпсіні тежейді. Адам ренжігенде, ашуланғанда немесе сабырсыздық танытқанда, ішінен немесе дауыстап салауат айтса, жан дүниесі бірден тыныштала бастайды. Бұл — салауаттың рухани қуаты.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:
«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла оған он рет рақым етеді»
(Муслим) — деген. Демек, әр салауат — Алланың мейірімін тартатын күш.
Салауат — дұғалардың қабыл болуына себеп
Көпшілік білмейтін бір сыр — салауат айтылған дұға көбіне қабыл болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде былай деген:
«Дұға жасағанда, алдымен Аллаға мақтау айтып, маған салауат айтпай тұрып, тілек тілеген адамның дұғасы толық болмайды.»
Яғни, дұға – құр тілек емес. Ол – әуелі Алланы еске алу, кейін салауат айтып барып, жүректен шыққан тілекті білдіру. Бұл — дұғаның рухани әдептерінің бірі.
Салауат – үмбет пен Пайғамбар арасындағы көпір
Салауат – тек Алла Елшісін (с.ғ.с.) еске алу ғана емес, оны үлгі тұтып, оның сүннет жолын ұстануға ұмтылу. Адам күнде салауат айтып жүрсе, оның жүрегінде Пайғамбарға деген сүйіспеншілік артады, ал сүйген адамның жолын ұстану — табиғи құбылыс.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қиямет күні үмбетінен салауат айтқандарды танитынын да жеткізген. Ол (с.ғ.с.):
«Қиямет күні маған ең жақын адам — маған көп салауат айтқан адам»
(Тирмизи) — деген.
Салауат – бір сөзбен айтқанда, жүрек тыныштығының кілті. Ол – дертке дауа, ренішке сабыр, дұғаға дәнекер. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту арқылы біз өзімізді тәрбиелейміз, рухани биіктікке ұмтыламыз. Күніне бірнеше рет салауат айтып жүру – көп күшті талап етпейді, алайда берері мол.
Сондықтан әрбір мұсылманның аузында:
«Аллаһумма солли ’аля Мұхаммадин уә ’аля али Мұхаммад»
деген салауатты жиі айтуы — сауап пен берекенің есігін ашатын кілт екенін ұмытпайық.
Саран қалалық мешітінің Бас имамы: Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы