Аллаһтың соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алайҳи уә сәлләм) – адамзат тарихындағы теңдессіз тұлға. Оның кемеңгерлігі тек дін саласында ғана емес, қоғам құруда, саясатта, әскери істе, білім мен тәрбиеде де ерекше көрініс тапты.Жаратылыстан берілген парасат. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ешбір ұстаздан дәріс алмай-ақ, терең даналыққа ие болды. Құран Кәрімнің өзі Оның жүрегіне түсіп, адамзатқа бағыт-бағдар берді. Ол сауатсыз қоғамды ілімге шақырып, қараңғылықтан нұрға жеткізді. Әділ басшылық. Ол кісі басшы ретінде ешкімге артықшылық жасамады. Бай мен кедей, ақсүйек пен қарапайым халықтың бәрін тең көрді. Әділдігімен, сабырлы мінезімен адамдардың жүрегін жаулап, олардың сеніміне ие болды.Дипломатиялық шеберлік-Аллаһ елшісі (с.а.у.) көрші тайпалармен келісім-шарт жасауда, дауларды бейбіт шешуде аса көреген болды. Худайбия келісімі сияқты оқиғалар Оның алысты болжай білетін кемеңгер екенін дәлелдейді.Әскери стратегиядағы даналығы-Соғыстан қашпай, бірақ бейбітшілікті артық санаған пайғамбарымыздың әскери тактикалары да қайран қалдырарлық. Бәдір, Ухуд, Хандақ шайқастарында көрсеткен шешімдері – Оның терең ойының нәтижесі.Тәрбиедегі кемеңгерлік-Пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі – надан, ыдыраған, бір-бірімен жауласып жүрген арабтарды бір шаңырақ астына топтастырып, өркениетті қоғам құруы еді. Ол әрбір сахабасын жеке-жеке тәрбиелеп, олардан ұлы тұлғалар қалыптастырды.
Болашақты болжай білу-Аллаһ елшісі (с.а.у.) өз дәуірімен шектеліп қалмай, болашаққа бағыт көрсетті. Оның өсиеттері мен сүннеттері бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді. Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алайҳи уә сәлләм) кемеңгерлігі – Оның пайғамбарлық миссиясының айқын дәлелі. Ол бүкіл адамзатқа үлгі боларлық өмір сүріп, дүние мен ақырет бақытына жетелейтін жолды көрсетті. Оның даналығы – мұсылмандар үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін мәңгілік қазына.
Теміртау Орталық «Әлихан Бөкейхан» мешітінің наиб имамы
Жорахан Бақытжанұлы