Center Image
IHSAN.KZ
Достық
Достық

Жалпы адамзат баласының өмір сүру барысы оның айналасындағы араласатын адамдармен және қоғаммен байланысы арқылы қалыптасады. Байланысып отыратын орта мен тұлғалардан алатын әсерлер адамның дүниетанымын, моральдық және рухани құндылықтарын қалыптастырады. Бұл тұрғыда жақсы адамдармен жолдас болудың рөлі ерекше. «Маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтамын» деген қазақ даналығы да адамның ортасы мен дос таңдауының маңызын көрсетеді. Жақсы жолдас таңдау – жеке тұлғаның өмірлік бағытын анықтаудағы маңызды қадамы болып табылады. Әр адам қандай ортада өмір сүргісі келетіндігін және мінез-құлқы мен көзқарасында игі қасиеттерді дамытқысы келетіндігі ақиқат.

Бұл ұстаным өзінің болашақ ортасын қалыптастыруына көмектеседі. Жақсы адамдардың мінез-құлқын, өмірлік ұстанымдарын және рухани құндылықтарын зерделеу арқылы олардың бойындағы қасиеттерді үлгі етуге болады. Халқымызда «Жолдасыңды көрсет, кім екеніңді айтайын» деген сөзді жиі естіп жатамыз. Себебі, жолдасың көп жағдайда сенің тіршілігіңе өз септігін тигізеді. Жақсы адамдармен араласу – жеке тұлғаның рухани және дүниелік жетістіктеріне жету жолындағы маңызды әсерін тигізеді. Асыл дініміз де жақсы адамдармен қарым-қатынастың маңыздылығын еске салады. Себебі, адамның ортасының оның рухани және мінез-құлықтық қасиеттеріне тікелей ықпал ететінін көрсетеді. Жақсылармен бірге болу тек жеке адамның дамуына емес, оның қоғамдағы рөліне де оң әсер етеді. Жақсы адамдармен жолдас болу жеке тұлға үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де маңызды. Олар тек жалаң сөзбен ғана емес, өнегелі іс-әрекеттерімен де өзгелерге үлгі болып, қоғамның дамуына ықпал етеді. Сондықтан әрбір адам жақсы адамдармен араласу арқылы өзінің рухани және дүниелік деңгейін жетілдіре отырып, туралық пен табысқа қол жеткізеді. Жақсымен жолдас болу – тек жеке жетістікке жету ғана емес, қоғамға да үлкен пайда әкеледі. «Досы көпті жау алмайды» деген мақал да бар. Әрбір адам өзінің достары, жолдастары көп болуды, сол достықтың тұрақты болуын қалайды. Біреуге дос бола отырып, жолдастық қарым-қатынасты мызғымас қорған қылуға ұмтылады. Бірақ кей жағдайларда достықтың жібі үзіліп жататын кездер де болады. «Бір дос бар, қолыңнан мал шыққанша. Бір дос бар, кеудеңнен жан шыққанша» деп, шынайы досттықты сипаттайтындар бар. Алла үшін бір-бірін құрметтеп, сыйлап тұратын, өзара жәрдемдесуді мұрат санайтын жандар шынайы дос. Ендеше шынайы дос бола білу де өмірдің өзекті жайттарының бірі. 

Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz