Center Image
IHSAN.KZ
Қарттарға құрмет- баршаға міндет!
Қарттарға құрмет- баршаға міндет!
Халқымыз «Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді. Біз қариясын құрметтеген, үлкенін сыйлаған, «қарттарым – қазынам» деп бағалаған елміз.

Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің біз үшін орны бөлек. Аллаға шүкір, елімізде байырғы бабалардан келе жатқан осы бір сабақтастық әлі күнге өз құндылығын жойған жоқ. Қарияны құрметтеу – біздің бабалардан мирас болған қастерлі мұрамыз іспетті. 

Қоғамның берекесі – ақылға толы қарияларда. Қарттарымыз – саналы ғұмырын еліне, отбасына арнаған, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі болған абзал жандар. Олар – бүгінгі бейбіт күннің, тәуелсіздіктің куәгері, өмір мектебінің ең қадірлі ұстаздары.

Қарттар күні – қарияларға деген құрметтің, шынайы ықыластың мерекесі. Бұл күнде біз оларға тек сыйлық емес, ең алдымен шынайы көңілімізді, жылы сөзімізді сыйлаймыз. Себебі қарттарға құрмет – өзіміздің болашағымызға құрмет.

 Қариялар – ұрпақты тәрбие қазынасымен сусындататын, елді бірлікке шақыратын, ақ батасымен бағыт беретін асыл қазынамыз.

Хадис-шәрифтерде «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес» делінген. Махамбет Өтемісұлы «Кәрісі кімнің жоқ болса, жастары болар дуана» деген. Ардагерлеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. Сондықтан оларға құрмет көрсету – бізге міндет.


Қарттар – ұрпаққа жол көрсетуші, батасын беруші абзал тұлғалар. Олардың өмірлік тәжірибесі – біз үшін ең үлкен мектеп, ең үлкен тәрбие. Елдің ынтымағы мен бірлігінің сақталуы да сол үлкендердің ақыл-парасаты мен даналық сөздерінің арқасында жүзеге асып келеді.

Осы мерейлі күні барша қарттарымызға шын жүректен ұзақ ғұмыр, қуатты денсаулық, отбасына шаттық пен береке тілейміз.
Жүректеріңіз қуанышқа толсын, өмірлеріңіз мәнді де берекелі болсын!

Алла Тағала қарттарымызға разылық нәсіп етіп, дендеріне саулық, ғұмырларына береке-қуат берсін. Қарияларымыздың батасы мен ақ тілегі елімізге амандық, жерімізге тыныштық алып келсін!

Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің имамы
Сайлау Жұмағұлұлы

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz