Өмір болған соң түрлі сынақтар кездесіп жататыны
ақиқат. Қиындыққа мойымаудың бірден бір жолы тағдырына жазылған іске шүкіршілік
ете білу және үмітсіздікке салынбау. Қиындық көргенде өмірден түңіліп, барлық
жақсылық пен қызықты сәттер аяқталғандай болып көрінуі мүмкін. Аллаға тәуекелі
бар адам үмітсіздікке салынбай әрбір сынақтың соңында хайырлы бір іс
болатындығына илану арқылы сол сынақты еңсеріп шығады. «Күнінде тоқсан тоғыз
пәле көрсең, Сонда да үміт үзбе бір Алладан» дегендей, жақсылықтан үміт
үзбеуді бабаларымыз насихаттаған.
1.
Кез-келген уақытта және кез-келген жерде оқиғаларды
ой елегінен өткізіп, тұжырымға келу арқылы салқынқандылық таныту. Тез шешім
қабылдаудан бұрын, зиян мен пайдасын бағамдау;
2.
Жақсылыққа қол жеткізу үшін Алла Тағалаға
тәуекел етіп, айналаңдағы адамдармен дұрыс, көркем қарым қатынасты үзбеу. Әрбір
жеке адамнан қоғам құралады;
3.
Асып таспау. Өзінің шегін білу де
адамгершіліктің шыңы. «Бай болсаң балам
тасыма, кедей болсаң жасыма» деген қағиданы ұмытпау. Жаратқан иеміз өзіміз
көтере алатын жүкті береді. Біреудің жетістігіне қуана білу де мұсылмандықтың
шыңы;
4.
Болмашы нәрсеге бола адамдарды айыптамау. Адамдардың
айыптарын жария етпеу. Өкінішке орай, бүгінде әлем желіде өзгенің ғана емес, өз
отбасының да айыбын жарыса айтатындар да пайда болды. Бұл нағыз қасірет екенін
ұғынып, сондай әдепсіздердің әдетін қайталамау;
5.
Адамдар мен қоғам арасындағы өзгешелікті
Алла Тағаланың тағдыры деп біліп, бұл өзгешеліктерге құрметпен қарау.
Шүкіршілік ету – жүрекке тыныштық, көңілге тазалық сыйлайды;
6.
Өзінен үлкендерге тіл қатқанда ақырын
сөйлеу, өзінен кішілерге жұмсақ және мейірімділікпен тіл қату. «Үлкенге құрмет,
кішіге ізет» ету бабалардан қалған мирас. Құрметтесең үлкенді басыңа бақ қонады;
7.
Алланың және адамдардың жақсылықтарына
рахмет айту, шүкірсіздік жасамау. Барлық материялдық байлықтан жоғары тұратын
Алла жаратқан адам баласының көңілі;
8.
Атадан балаға қалған естеліктер мен мәдени
мұраларға ие болу. Ұрпақ сабақтастығын жалғап тұратын жәдігерлер адамға рухани қуат
береді;
9. Қоғамды ұрыс-керіске және олардың тыныштығын бұзуға итермелейтін іс-әрекеттерден, ой-пікірлерден аулақ болу. Ел ішіндегі тұрақтылық – жанұя жарасымын баянды етеді.
Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб
имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы