Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Баршаңызды Рухани келісім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Алла Тағала әрбір отбасыға бақ пен береке, тыныштық пен татулық нәсіп етсін!
Елімізде бұл айтулы күннің ерекше маңызға ие болуы — халқымыздың бейбітшілік пен өзара сыйластыққа, ынтымақ пен келісімге деген ұмтылысының айқын көрінісі. Өйткені рухани келісімсіз қоғамның іргесі берік болмайды, ал бірлік пен өзара түсіністік – кез келген мемлекеттің дамуының кепілі.
Бүгінде Рухани келісім күні еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің, түрлі дін өкілдерінің өзара түсіністік пен құрметке негізделген байланысын нығайтуға серпін беріп отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің әр үш жыл сайын өтетін съезі — діндер арасындағы татулықты ілгерілетуге және адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қосып келеді.
Расында, қазақ халқының тарихында бірлік пен келісім мәселесі әрдайым басты орында тұрған. Хан-сұлтандар мен билер ел басқаруда ең әуелі ұлтты ынтымаққа ұйыстыруға басымдық берген.
Майқы бидің:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», –
деген дана сөзі соның дәлелі.
Бұл өсиет бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі, рухани келісім бар жерде тыныштық, ынтымақ пен береке орнайды.
Біз де бүгінгі ұрпақ ретінде бабаларымыздың осы өнегелі жолын жалғастырып, қоғамдағы бейбіт өмір мен өзара татулықты сақтау жолында еңбек етуіміз керек.
Алла Тағала баршамызды рухани келісім мен бірліктің туы астында біріктірсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ынтымағымыз берік болсын!
Рухани келісім күні құтты болсын!
Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы
Асылхан Нұртайұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы