Баршаңызды қасиетті Ережеп айының келуімен құттықтаймын! Алла Тағала қасиетті айда жасаған құлшылық-дұғаларымызды қабыл еткей!
Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суғару айы, ал Рамазан айы – егінді ору, қырман айы. Егілген егіннің жеміс бергені секілді, әрбір жақсы істің нәтижесі де болады. Сол себепті, бұл айда ораза тұтып, көбірек намаз оқып, рухани амал жасау керек.
«Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Араб халқы Исламнан бұрын да бұл айды ерекше ұлықтап, қадірлеп, жаман іс-әрекеттерді тоқтатуға тырысқан. Тіпті бұл айда жылдап жалғасып келе жатқан соғыстар, араздықтар тоқтаған.
Кейбір деректерде жер жүзін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге Ережеп айының бірінші күні мінген, Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең алғашқы уахи Ережеп айында түскен, осы айда Исра және Миғраж оқиғасы болған деген мәліметтер айтылады.
Тағы бір деректе «Ережеп – ол суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты және бұл мөлдір бұлақтан тек осы айда ораза ұстағандар ғана ішеді» делінген.
Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген (Ибн Асакир).
Ережеп айының алғашқы жұмасында Рағайып намазын оқу туралы келген хадисті көпшілік ғалымдар негізсіз деп айтқан. Дегенмен, Алла елшісі Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ережеп айы басталғанда Алла елшісі: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен (Бәйһақи, Табарани).
Хақ Тағала баршамызға Ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп етсін!
Асхат Қанайұлы
Абай аудандық орталық мешітінің имамы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы