Center Image
IHSAN.KZ
Әйлел және отбасы
Әйлел және отбасы

Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, ал оның негізі ер мен әйелден құралады. Бұл қағида ислам дінінде нақты бекітілген. Құран Кәрімде Нәжім сүресінің 45-аятында:

«Шүбәсіз, Алла ер мен әйелді жұп етіп жаратқан», – деп айтылған. Бұл аят ер мен әйелдің бірін-бірі толықтыратын, өзара жауапкершілікке негізделген одақ екенін көрсетеді. Сондықтан исламда ер мен әйелдің әрқайсысына тән міндеттері мен рөлдері айқындалған.  Қазақ халқы да бұл қағиданы терең түсініп, оны өмірлік ұстанымға айналдырған. Халқымыздың «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген қанатты сөзі ер адамның түздің адамы екенін, яғни үйдің сыртындағы шаруаларға жауапты екенін білдіреді. Ислам шариғатында да ер адамның негізгі міндеті – отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету. Әйелін, бала-шағасын үй-жаймен, киім-кешекпен, азық-түлікпен қамту – ердің мойнындағы аманат.

Ал әйел адамның міндеті – ерінің тапқан нәпақасын ұқыпты пайдаланып, отбасының ішкі бірлігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу. Әйел – отбасының ұйытқысы, берекесінің бастауы. Ұрпақтың мінез-құлқы, дүниетанымы, имандылығы ең алдымен ананың тәрбиесіне байланысты. Сондықтан әйелдің сауатты, білімді болуы – тек оның жеке дамуы үшін емес, тұтас қоғамның болашағы үшін маңызды.

 «Білім алу – ерге де, әйелге де парыз». Аналар білімді болса, ұрпақ та саналы, парасатты болып өседі. Ал ұрпақ – елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Осы себепті ислам шариғатында ананың қадірі ерекше жоғары қойылған. Бұл ой Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде де айқын көрініс тапқан: хадисте: «Жәннат – ананың табанының астында», – деп бекер айтылмаған. Ананың разылығын алу – Алланың разылығына апарар жол. Ұрпақ Алланың разылығына жету үшін алдымен анасын разы етуі керек. Ал ананың разылығы баланың тәрбиесіне, әдебіне, біліміне тікелей байланысты. Сондықтан ананың мәртебесін көтеру, оған жағдай жасау – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Отбасындағы өзара разылық та маңызды рухани ұстаным. Әйел Алланың разылығына жету үшін күйеуін разы етуге, ал ер адам Алланың разылығын табу үшін әйеліне және бала-шағасына жақсы қарап, оларға көңіл бөлуге міндетті. Бұл – исламдағы отбасы моделінің өзегі. Мұнда бір жақтың үстемдігі емес, өзара міндет пен жауапкершілік алдыңғы орынға шығады.

Ислам дінінде ер мен әйелдің отбасындағы орны табиғи ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне қарай айқындалған. Ер – отбасының қорғаны әрі қамтамасыз етушісі, әйел – тәрбиенің өзегі мен берекенің бастауы. Осы үйлесім сақталған жерде отбасы берік, ұрпақ саналы, қоғам тұрақты болады.

Ермахан Оралбай Әділбекұлы

«Әл- Ғаффар» мешітінің имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz