Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат ағынының шексіздігі мен әлеуметтік желілердің кең таралуы қоғам өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Әсіресе, бұл құбылыс жастардың дүниетанымы мен діни көзқарасына айтарлықтай ықпал етуде. Осы орайда, Саран қаласындағы Саран қалалық мешіті бас имамы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы “Жат ағымның жастарға әсері” тақырыбында ой қозғап, қоғамды алаңдатқан маңызды мәселелерге тоқталады.
Жат ағым дегеніміз не?
Жат ағым – дәстүрлі дініміз бен ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, қоғам бірлігіне сызат түсіретін теріс діни бағыттар. Қазақ халқының сан ғасырлық діни жолы – ата-бабамыз ұстанған ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебі. Бұл жол – бірлікке, сабырлылыққа, білімге және адамгершілікке үндейтін сара жол.
Ал жат ағым өкілдері керісінше, жастардың діни сауатының төмендігін пайдаланып, өз идеологияларын күштеп таңуға тырысады. Олар көбіне интернет желісі арқылы насихат жүргізіп, дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарады.
Бүгінгі жас – ізденімпаз, жаңашыл, бірақ кей жағдайда өмірлік тәжірибесі аз. Діни білімнің үстірт болуы, отбасы тәрбиесіндегі олқылықтар, әлеуметтік мәселелер, рухани бос кеңістік – осындай теріс ағымдарға ерудің басты себептері.
Жат ағым өкілдері жастарға “шынайы ислам бізде ғана” деген ұран тастап, қоғамнан оқшаулануға, ата-анамен, туған-туыспен қарым-қатынасты үзуге дейін жетелейді. Бұл – үлкен қателік әрі қауіпті жол.
Қоғамға тигізер зияны
Жат ағымның ықпалы:
•Отбасы бірлігінің бұзылуына;
•Қоғамдағы тұрақтылықтың әлсіреуіне;
•Радикалды көзқарастың қалыптасуына;
•Дәстүр мен мәдениеттің құнсыздануына алып келеді.
Дін – бірлік пен татулықтың негізі. Ал бөлінушілік пен қатыгездікке шақыратын түсінік – исламның шынайы болмысына жат.
Алдын алу жолдары:
1.Діни сауаттылықты арттыру – жастарға дұрыс, жүйелі діни білім беру.
2.Отбасы тәрбиесін күшейту – ата-ана баланың рухани дамуына көңіл бөлуі тиіс.
3.Мешіт пен қоғам байланысын нығайту – имамдар мен ұстаздар жастармен ашық сұхбат құруы қажет.
4.Ақпараттық қауіпсіздік – интернеттегі күмәнді діни контентке сын көзбен қарау.
Жастар – ел болашағы. Олардың рухани тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет. Жат ағымның жетегінде кетпеу үшін әрбір жас діни білімді сенімді ұстаздан алып, ата-баба жолын берік ұстануы қажет. Бірлігіміз бекем, иманымыз берік болса, қоғамымыз да тұрақты болмақ.
Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы
Саран қалалық мешітінің имамы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы