Алла Тағала адам баласын жаратылыстың ең ардақтысы етіп жаратты. Бізге берілген жан мен тән – өзіміздің меншігіміз емес, Жаратушының уақытша пайдалануға берген қастерлі аманаты. Бүгінгі таңда әлемді де, елімізді де алаңдатып отырған ең ауыр дерттердің бірі – өз-өзіне қол жұмсау. Бұл тек жеке адамның трагедиясы емес, бүкіл қоғамның рухани құлдырауының көрінісі. Ислам діні суицидті ең ауыр күнәлардың қатарына жатқыза отырып, адам жанын сақтауды басты парыз деп бекітеді.
Ислам шариғаты бес негізгі құндылықты: дінді, жанды, ақылды, ұрпақты және мал-мүлікті сақтауды міндеттейді. Осының ішінде адам өмірі ерекше орынға ие. Құран Кәрімде Алла Тағала:«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят), – деп анық бұйырған.
Адам өмірінің соңы тек Алланың құзырында. Өз өмірін қию – бұл Жаратушының тағдырына қарсы шығу және Оның шексіз мейірімінен күдер үзу. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл күнәнің зардабы ақыретте де жалғасатынын қатал ескерткен: «Кімде-кім өзін темірмен өлтірсе, ол тозақ отында сол темірмен өзін-өзі ұрып мәңгі жазаланады. Кімде-кім у ішіп өлсе, тозақта мәңгі сол уды ішіп азапталады» (Бұхари, Муслим).
Статистикалық мәліметтерге назар салсақ бүгінгі таңда суицид мәселесі жаһандық індетке айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтеріне сүйенсек: жыл сайын әлемде 700 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл – әрбір 40 секунд сайын бір адамның өмірі қиылады деген сөз. Қазақстандағы жағдайды айтсақ еліміз суицид көрсеткіші бойынша өкінішке орай әлемде алдыңғы қатарда. Жыл сайын 3500-4000 отандасымыз осы қадамға барады. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасындағы көрсеткіш Орталық Азия бойынша ең жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл сандардың артында рухани бостық, отбасылық кикілжіңдер, құмар ойындар (лудомания) және психологиялық жалғыздық жатыр.
Ата-анаға кеңес: Бала – көңілдің гүлі
Ата-ана үшін баладан қымбат қазына жоқ. Бірақ қазіргі қарбалас заманда біз баланың қарнын тойдырып, үстін бүтіндеуге күш салып, оның «көңіл сарайын» ұмытып кетіп жатамыз.
Тыңдай біліңіз: Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз заманымен тәрбиеле» дейді. Балаңыздың шағымын соңына дейін тыңдап, «Мен қасыңдамын» дегенді сездіріңіз.
Мейірім – ең ұлы күш: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде мейірімділік болмаса, оған да мейірімділік көрсетілмейді» деген. Бала қателессе де, оны жақсы көретініңізді айтудан жалықпаңыз.
Рухани тірек: Баланы жастайынан тағдырдың жазуына, Алланың берген сынына төзе білуге баулыңыз. «Бала ісіне сенімсіз болса, болашағы бұлыңғыр» дейді халқымыз. Оның жетістігін мақтап, кемшілігін ақылмен түзеңіз.
Жастарға насихат: Сен – қайталанбас тұлғасың!
Қымбатты бауырым, қарындасым! Сенің өмірің – тек сенікі емес, ол сені дүниеге әкелген анаңның көз жасы мен әкеңнің үміті. Халқымыз: «Жаңбыр жаумай суалмас, бұлт ашылмай күн шықпас» дейді. Басыңа қара бұлт үйірілсе, ол күннің мәңгіге жоғалғанын білдірмейді. Алла Тағала: «Алла ешбір жанға оның шамасы келмейтін міндетті жүктемейді» («Бақара» сүресі, 286-аят) дейді. Саған берілген сынақ – сенің оны жеңе алатыныңның дәлелі. Өмір – аманат. Өзіңді жазалау арқылы мәселе шешілмейді, тек өзіңді жақсы көретін жандардың жүрегіне мәңгілік жара саласың.
Суицид – бұл шешім емес, бұл – мәңгілік азапқа жасалған қадам. Шәкәрім қажы: «Сабыр, ынсап, әділет, мейірім, ұят, – Осы бесеуі болса, шын мүмін» деген. Имандылық тәрбиесі күшейген жерде суицидке орын жоқ. Сондықтан жастардың бойына тағдырға иман келтіруді, қиындыққа төзуді және Алланың мейірімінен үміт үзбеуді сіңіруіміз қажет. Өмір – бізге берілген мүмкіндік, оны қадірлеу – адамдық борышымыз. Қиындық келгенде Алладан жәрдем сұрау, «әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар» екеніне сену – адамды құрдымнан сақтайды. Біздің қоғамдағы әрбір жанның міндеті – қасындағы мұңайған адамға жылы сөз айтып, демеу болу. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ұмытпайық.
Алла Тағала, елімізді мұндай ауыр кесірден сақтап, әрбір пендеңнің жүрегіне иман нұрын құйып, қиындықта сабыр, тарыққанда үміт беріп, әрбір шаңыраққа амандық пен жан тыныштығын нәсіп етсін!
Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің имамы
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы