Center Image
IHSAN.KZ
Отанды қорғау - қасиетті парыз
Отанды қорғау - қасиетті парыз

Ислам діні мен ұлттық танымда Отан – бұл жай ғана географиялық мекен емес, бұл - бабалардың қанымен келген, ұрпаққа қалдырылатын қасиетті аманат. Отанға қызмет ету сол аманатқа қиянат жасамау, ұлттың болашағы мен дініміздің еркіндігі үшін тер төгу.

Алла Тағала адам баласын белгілі бір ұлт пен ұлысқа бөліп, өзінің туған өлкесін сүюді табиғатына дарытқан.Хұжурат сүресі, 13-аятта «Әй, адам баласы! Шын мәнінде, Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың (және жақсы қарым-қатынаста болуларың) үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік...» дейді. Бұл аят бізге әр ұлттың өз ерекшелігі бар екенін және сол ұлттың мүддесі үшін қызмет ету адамзаттық танымның негізі екенін көрсетеді.Әл-Имран сүресі, 200-аятта «Әй, иман келтіргендер! Сабырлы болыңдар, төзімділік танытыңдар және (ел шебінде) дайын, сақадай сай тұрыңдар (байланыста болыңдар)...»Мұндағы «дайын тұрыңдар» деген бұйрық – елдің тыныштығын сақтау үшін әрдайым қырағылық танытудың діни міндет екеніне дәлел.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен сөздері бізді әрқашан өз еліміздің патриоты болуға үндейді:«Адамдардың ең жақсысы қоғамға, елге пайдасы тигені»* (Табарани). Келесі хадисте «Кімде-кім шекара күзетінде бір күн немесе бір түн тұрса, ол үшін бұл ісі бір ай бойы (нәпіл) ораза ұстап, түнде құлшылық қылғаннан да қайырлы» делінген (Муслим). Демек, Отанды қорғап тұрған сарбаздың әрбір сәті - үлкен құлшылықпен тең.Дана халқымыз жас ұрпақтың бойына «ел» деген ұғымды бесіктен бастап сіңірген. Мұндағы насихат - тек күшпен емес, ақылмен және тәрбиемен қызмет ету: «Туған жердің түтіні де тәтті, оты де ыстық». Бұл мақал Отанның қадірін білуге, оның әрбір тасына құрметпен қарауға тәрбиелейді.«Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер». Ер азаматтың сын сағатта елі үшін қиындыққа төзуі, жанын пида етуі нағыз имандылық пен мәрттіктің белгісі.

Отанға қызмет ету бұл тек жаумен шайқасу емес. Ол мемлекеттің мүлкін талан-таражға салмау, өзің тұрған ауланы таза ұстау, көршіңе зиян тигізбеу және ұлтыңның тілі мен дінін аялау. Егер әрбір азамат өз ісіне адал болса, бұл ұлтқа жасалған ең үлкен қызмет. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, ұлттық тәрбие мен діни таным ұштасқан жерде ғана қуатты мемлекет қалыптасады.

Қадірлі Отан қорғаушылар!

Сіздерді мамыр Отан қорғаушылар күніменқұттықтаймын! Бұл мереке батыр бабалардың аманатына адал, елі мен жері үшін жан аямайтын нағыз ерлердің мерекесі. Қолдарыңыз дерт көрмесін, жүректеріңіз иманға толы болсын! Әрбір атқан таң елімізге тыныштық, отбасыларыңызға береке алып келсін. Еліміздің іргесі сөгілмей, бейбітшілік заман мәңгі орнасын!

 

Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітің имамы Нуров Махмуд қажы Нурұлы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz