Center Image
IHSAN.KZ
ШАХТИНСК ҚАЛАСЫНДА ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ.
ШАХТИНСК ҚАЛАСЫНДА ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ.
Қарағанды облысы Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті «Құрбан айт» мейрамы қаладағы орталық стадионда жоғары деңгейде аталып өтті. Ауқымды іс-шара Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлының бастамасымен, жанашыр жамағаттардың қолдауымен және қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен ұйымдастырылды.

Мерекелік жиын бас имамның құттықтау сөзімен басталып, жиналған жамағатқа Құрбан айттың рухани маңызы насихатталды. Сонымен қатар, күй-терме орындалып, ұлттық рухтағы тағылымды кешке ұласты. Ақсақал Жетпіспайұлы Дәуіт қажы да ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Шахтинск қаласының Мансап орталығының директоры Манапов Рустем Талгатович сөз сөйлеп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Іс-шара барысында балаларға ерекше көңіл бөлінді. Аниматорлар түрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырып, балалардың мерекелік көңіл-күйін көтерді. Сонымен қатар, 100 балаға арнайы ойыншықтар таратылып, қуаныш сыйланды.

Мерекеге келген қонақтарға бауырсақ пен су үлестірілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ең үздік ұлттық киім киген 3 қатысушыға арнайы сыйлықтар табысталды.

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық және спорттық жарыстар кең көлемде ұйымдастырылды. Қазақ күресінен ТҮЙЕ палуан сайысы өтіп, жеңімпазға арнайы белбеу мен 70 000 теңге сыйақы табысталды. Ал ІІ орын иегеріне 40 000 теңге, ІІІ орын иегеріне 30 000 теңге берілді. Сонымен қатар, балалар арасында 38 кг, 38+ кг, 42 кг және 50 кг салмақ дәрежелері бойынша белдесулер өтті. 120 мың теңге жалпы жүлде қорын құрады.

Жүгіру жарысы 6 жастан 11 жасқа дейінгі балалар арасында ұйымдастырылып, жалпы жүлде қоры 150 000 теңгені құрады.

Сондай-ақ, қой көтеру сайысы өтіп, қойды ең көп көтерген азаматқа арнайы қой сыйға тартылды. Бұдан бөлек, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру, ләңгі тебу және қол күрес сынды ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар табысталды.

Шахтинск қаласының орталық стадионына жиналған қала тұрғындары мен қонақтар ұйымдастырушыларға ерекше алғыстарын білдіріп, мерекенің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің ұжымы қасиетті мерекенің өтуіне қолдау көрсеткен барша жамағатқа, демеушілерге және жанашыр азаматтарға шынайы ризашылығын білдіреді.



Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz