Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласында жаңа мешіттің қазығын қағу рәсімі өтті.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мешіттердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осындай игі бастама Балқаш қаласында да жалғасын тапты.
Тарихи іс-шараға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы, Балқаш қаласының жергілікті зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, дін қызметкерлері және жамағат қатысты.
Сыйымдылығы 1500 адамға арналған мешітте ерлер және әйелдер намазханалары, дәрет алу орындары, имамдар бөлмесі, Құран оқу бөлмесі және арнайы дәріс өтетін сыныптар қарастырылған.
Бір күмбезді, төрт мұнаралы мешітте асханасы мен мәйітхана да қамтылмақ.
Шара барысында Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы жаңа мешіттің ел игілігі жолындағы маңызына тоқталды.
«Бұл мешіт халықтың бірлігі мен ынтымағының, иман мен ізгіліктің ордасы болсын деген ниетпен бой көтеруде. Алла Тағала осы сауапты іске үлес қосқан барлық азаматтардың еңбегін қабыл етіп, сауаптарын еселей берсін.
Бұл ғимарат халқымыздың діни және дәстүрлі құндылықтарын дәріптеп, татулық пен берекенің мекеніне айналғай!», – деді бас имам.
Шара соңында жиналған қауым мешіттің қазығын қағып, қасиетті орынның ел игілігі жолында қызмет етуіне тілектестік білдірді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы