ҚМДБ Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешіті имамының ұйымдастыруымен мешіт жамағаты үшін «Жас толқын» дала семинары аясында Қарқаралы ауданының көрікті табиғатында орналасқан «Шахтер» демалыс орнында тағылымды рухани-танымдық іс-шара өтті.
Семинардың басты мақсаты – жамағат арасындағы бауырмалдықты нығайту, жастардың рухани тәрбиесіне көңіл бөлу, табиғат аясында пайдалы әрі мазмұнды уақыт өткізу арқылы имандылық құндылықтарын дәріптеу.
Іс-шара барысында қатысушылар Қарқаралының әсем табиғатын тамашалап, тауға серуендеп шықты. Көл жағасында балық аулап, табиғаттың тынысын сезініп, көтеріңкі көңіл күйде демалды. Бірлесе әзірленген дастархан мен кәуап жамағаттың ауызбіршілігі мен ынтымағын одан әрі арттыра түсті.
Дастархан басында мешіт имамы Қарубай Берікұлы жүрекке жетер ғибратты уағыз-насихат айтып, бірлік, бауырмалдық, шүкіршілік пен Алланы еске алудың маңыздылығына тоқталды. Жамағат өзара пікір алмасып, рухани азық алып, мұндай кездесулердің берекесі мен тағылымын ерекше сезінді.
Табиғат аясында өткен бұл игі басқосу жамағатттардың жүрегіне жылы әсер қалдырып, достық пен татулықтың, рухани тәрбиенің және жамағат бірлігінің жарқын көрінісіне айналды.
Алла Тағала осындай игі бастамалардың берекесін арттырып, жамағатымыздың ынтымағы мен бірлігін баянды ете гөрсін!
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы