Қасиетті Мәуліт мерекесінің құрметіне орай Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінің ұстазы Фатима Аманболдықызының ұйымдастыруымен сира пәнінен мешітаралық шәкірттер арасында танымдық білім сайысы ұйымдастырылды.
Аталған сайыстың басты мақсаты – шәкірттердің Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолына қатысты білімдерін тереңдету, сира ілімін насихаттау, ізденіске баулу және мешіт шәкірттері арасындағы өзара бауырмалдықты нығайту.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Кім жылдам?» кезеңінде қатысушылар сира пәні бойынша қойылған сұрақтарға шапшаң жауап беріп, өз білімдерін сынға салды. «Құпия жәшік» кезеңінде арнайы жасырылған заттар арқылы тарихи оқиғаларды еске түсіріп, олардың сирамен байланысын түсіндірді. Ал «Сөзжұмбақ» кезеңінде қатысушылар ислам тарихы мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне қатысты ұғымдарды шешіп, білімдерін жан-жақты көрсетті.
Білім сайысына Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Әйгерім Берікболқызы мен Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешітінің ұстазы Бақыт Амантайқызы әділқазылық етіп, қатысушылардың жауаптарын әділ бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешіті;
ІІ орын – Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешіті;
ІІІ орын – Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешіті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Осындай тағылымды шаралар шәкірттердің діни білімін жетілдіруге, сира іліміне деген қызығушылығын арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосады.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы