Абай аудандық мешітінде «Дін мен дәстүр» бағыты аясында жамағатқа арналған кезекті уағыз-насихат жүргізілді. Жиында отбасы тәрбиесі мен ата-ана жауапкершілігіне ерекше мән беріліп, «Әкенің бала алдындағы міндеті» тақырыбы кеңінен сөз болды.
Уағыз барысында ислам дініндегі әкенің отбасындағы орны мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі түсіндірілді. Әке – отбасының тірегі, баласына бағыт-бағдар беріп, дұрыс тәрбие мен өнеге көрсетуге міндетті тұлға екені айтылды.
Сонымен қатар балаға жақсы есім беру, адал ризықпен қамтамасыз ету, білім мен тәрбие беру, имандылыққа баулу, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету – әкенің маңызды міндеттерінің бірі екені баяндалды. Баланың жүрегіне мейірім мен ізгілікті сіңіруде әкенің жеке үлгісі ерекше рөл атқаратыны атап өтілді.
Қазақ дәстүрінде де әкенің бала тәрбиесіндегі орны қашанда жоғары бағаланған. «Әке көрген оқ жонар» деген халқымыздың нақылы әкенің баласына тек сөзбен емес, өзінің ісімен өнеге болуы керектігін аңғартады.
Жиын соңында жамағатқа отбасы құндылықтарын дәріптеу, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және дініміз бен дәстүріміздегі тағылымды құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру жөнінде насихат айтылды.
Отбасы – ұлттың берік негізі. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеу – ата-анаға жүктелген үлкен аманат.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы