Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін сіңіретін, ел болашағын тәрбиелейтін ұлы тұлға. «Ұстаз» деген қасиетті ұғымның астарында үлкен жауапкершілік, қажырлы еңбек және ұрпақ алдындағы аманат жатыр.
Қай заманда да елдің ертеңін ойлаған дана халық ең алдымен білім мен тәрбиеге мән берген. Себебі білімді ұрпақ – мемлекеттің тірегі болса, тәрбиелі ұрпақ – қоғамның берекесі. Ал осы қос құндылықты жас буынның бойына сіңіретін негізгі тұлға – ұстаз.
Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, көрсеткен үлгісі шәкіртінің жүрегінде із қалдырады. Оның берген білімі шәкірттің санасын қалыптастырса, көркем мінезі мен өнегесі оның тұлғалық болмысына әсер етеді. Сондықтан ұстаз еңбегін тек сабақ берумен шектеуге болмайды. Ұстаз – шәкіртке бағыт көрсететін тәрбиеші, ақылшы, кейде өмірлік жолына бағдар беретін рухани жетекші.
Дінімізде де білім мен ілім иелерінің дәрежесі жоғары бағаланады. Қасиетті Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) деп білімнің қадірі айқын көрсетілген. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде білім алудың және оны өзгеге үйретудің сауабы мол екені баяндалады.
Осы тұрғыдан алғанда, ұстаздық – үлкен сауапты әрі жауапты қызмет. Себебі ұстаздың тәрбиелеген әрбір шәкірті қоғамға қызмет етіп, өзінен кейінгі ұрпаққа білім мен тәрбие жеткізеді. Бір ұстаздың еңбегі мыңдаған шәкірттің өмірімен жалғасып, тұтас қоғамның рухани дамуына ықпал етеді.
Қазақ халқы да ұстазды әрдайым ерекше құрметтеген. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халқымыздың даналық сөзі ұстаз тәрбиесінің адам қалыптастырудағы маңызын аңғартады. Ұстазға деген құрмет – білімге, тәрбиеге, болашаққа деген құрмет.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін үйрету аса маңызды. Бұл ретте ата-ана мен ұстаздың өзара бірлігі ерекше рөл атқарады. «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ міндет» қағидасын берік ұстанғанда ғана кемел тұлға қалыптастыра аламыз.
Құрметті ұстаздар!
Сіздердің шәкірт тәрбиесіндегі еңбектеріңіз – ел болашағына қосқан өлшеусіз үлестеріңіз. Сіздер білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін себіп, олардың жақсы адам болып қалыптасуына жол ашып келесіздер.
Ұстаздар күні баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала білім жолындағы еңбектеріңізге береке беріп, шәкірттеріңіздің жемісін көруді нәсіп етсін. Әрбір берген білімдеріңіз бен көрсеткен өнегелеріңіз сауапты амалдардан болып, абырой-беделдеріңіз арта берсін!
Ұлт тәрбиесі жолындағы еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз білімді де тәрбиелі болсын!
Ізгі ниетпен,
Қарағанды облысының бас имамы
Естай Айтуғанұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы