Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Жат діни ағымдардан сақтандыру» және «Жастар ісі» секторы бағыттары аясында «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараны ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Жастар ісі» секторы мен жат діни ағымдардан сақтандыру бағыты бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы, облыстық Дін істері басқармасының «Діни оңалту» бөлімінің маманы Сұлтан Аманболұлы, сондай-ақ діни оңалту бағыты мен «Жастар ісі» секторына жауапты қала және аудан дін қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында жат діни ағымдардың қоғамға, әсіресе жастардың рухани дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдарына тигізетін кері әсері сөз болды. Қатысушыларға діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу, діни ақпаратты дұрыс саралау және күмәнді діни идеологиялардың ықпалына түспеудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар жат ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу, жастармен түсіндіру және профилактикалық кездесулерді күшейту, дін қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуы мәселелеріне назар аударылды.
Семинардың негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің жат діни ағымдардың алдын алу бағытындағы білімін жетілдіру, діни оңалту жұмыстарын жандандыру және жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы