Center Image
IHSAN.KZ
“ХОСПИС” ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
“ХОСПИС” ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

«Ислам және адал қоғам» жылы аясында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қоры мен «Дін мен дәстүр» бағытының бірлесіп ұйымдастыруымен «Хоспис» мекемесінде қайырымдылық шарасы өтті.

Игі шараның басты мақсаты – қарттық шағында қамқорлық пен мейірімге мұқтаж жандарға қолдау көрсету, үлкенге құрмет пен ізеттілік таныту, сондай-ақ қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.

Қайырымдылық шарасы барысында мекеме аумағында арнайы қазан асылып,  ас әзірленді. Дайындалған ыстық тағамдар хосписте ем алып жатқан науқас қарияларға ұсынылып, ақ дастарқан жайылды.

Сонымен қатар қарттарға арнайы сыйлықтар табысталып, көңілдеріне қуаныш сыйланды. Қайырымдылық шарасына қатысушылар қариялардың хал-жағдайын сұрап, жылы лебіздерін білдіріп, ерекше ықылас танытты.

Рухани басқосу барысында қарияларға жүрекжарды уағыз-насихат айтылып, ислам дініндегі үлкенді құрметтеу, ата-ананы ардақтау, мейірімділік, сабырлылық және адамгершілік құндылықтарының маңызы кеңінен түсіндірілді.

Сондай-ақ қарияларға қамқорлық көрсету, олардың көңілін аулау және ізгілік жасау – мұсылман баласының асыл қасиеттерінің бірі екені айтылды.

Өз кезегінде мекеме қызметкерлері ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдіріп, осындай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Ал қариялар өздеріне көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.

Аталған қайырымдылық шарасы қоғамда мейірімділік пен жанашырлықты арттыруға, ұлттық дәстүріміздегі үлкенге құрмет көрсету өнегесін насихаттауға бағытталды.

ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі



Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz