«Мен сені жақсы көремін» деп көбіне кімге айтасыз? Ойланып көрдіңіз бе? Шынтуайтына келгенде бұл сөздер жүректен шығып, жүрекке жетуі тиіс. Өмірге келгендегі мақсаттарымыздың бірі салиқалы ұрпақ тәрбиелеу болғандықтан бұл сөздерді біз балаларымызға жиі айтып отыруымыз қажет екен. Өйткені ол баланың санасына, психикасына үлкен әсер етеді.
Шетелдік ғалымдар 50 жылдан бері баланың психикасына қатысты зерттеу жүргізіліп келеді. Зерттеуге 160 мың бала қатысқан. Мамандар баланы ұратын ата-аналардың көпшілігінің өздерін де бала кезде ұрған болуы мүмкін екенін зерттеген. Осы тұжырымды естіп, бала тәрбиесіне қатысты пікір білдіруді жөн санадық.
Бала тәрбиесіне байланысты дінімізде көптеген қағидалар бар. Бұл ретте ата-ананың балаға деген жұмсақтығы маңызды нәрсе. Бұған қатысты Алла Тағала былай деген:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірімді бол, жақсылықа шақыр әрі надандардан теріс айнал» [Ағраф, 199-аят].
Жұмсақтықпен қатар балаларды орнымен жазалап тұру да қажет. Жұмсақ болу, әрине, жақсы қасиет. Алайда, баланың жаман іс-әрекетіне көз жұма қарау да қателік. Баланы әдепсіз әрекеттерден тыймау оны ескертпеу – жұмсақтық пен даналыққа жат нәрсе. Сондықтан да қажет сәттерде қаталдық танытып, жанұядағы тәрбиелік тыйымдардың бұзылуына жол бермеу де маңызды.
Әке-шешенің балаға жақсы үлгі бола білуін ескертпеске болмайды. Балаларымыз бізді іс жүзіндегі үлгі ететін тұлға кейпінде көруі қажет. Бала үшін мың сөзден, бір жақсы іс әлде қайда өтімді болмақ.
Бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің бірі – жанұядағы балаларды ата-ананың алаламауы. Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) уақытында бір кісі Алла елшісінің қасында отырғанда, жанына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының бетінен сүйіп, оны алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы да келеді. Қызын да шақырып, алдына отырғызады. Бірақ оның бетінен сүймейді. Осыны байқаған Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын):
اعْدِلُوا بَيْنَ أَوْلَادِكُمُ اعْدِلُوا بَيْنَ أَبْنَائِكُمْ اعْدِلُوا بَيْنَ أَبْنَائِكُمْ قالها ثلاث.
«Ұл-қыздарыңның арасында әділдік жасаңдар»[Бухари, Муслим],- деп үш мәрте ескертті.
Балалардың арасында жиі кездесетін әдет – біреуі бір нәрсе сұраса, екіншісінің де соны талап етуі. Осы жағдайда да Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) балалардың арасында әділдікті сақтау үшін бірінші болып сұраған баланың өтінішін бірінші кезекте орындаған.
Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бұл жөнінде былай деген:
((مَا نَحَلَ وَالِدٌ وَلَدًا مِنْ نَحْلٍ أَفْضَلَ مِنْ أَدَبٍ حَسَنٍ))؛
«Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас»[Тирмизи].
Әйгілі ғалым Имам Ғазалидың «Ихияу улумуддин» (Дін ғылымдарының жанданысы) атты еңбегінде бала тәрбиесіне арналған бөлім бар. Сол жерде балаға ес кіріп, біршама есейгенде, тазаланбауына, намаз оқымауына бей-жай қарамау керектігі айтылған.
Бала Құранды және бірқатар хадистерді, жақсы адамдардың әңгімелері мен жағдайларын үйренуі керек. Сонда жүрегінде жақсы кісілерге деген сүйіспеншілік орнайды. Балаға әрдайым «Мен сені жақсы көремін» деп махаббатты жеткізу қажет.
Егер әрбір ата-ана кем дегенде осы факторларды ескерсе, әлбетте баланы ұрмай тәрбиелеуге бейімделеді.
Баламыз біздің ұрпағымыз. сондықтан сағымызды өзіміз сындырмауымыз қажет.
Алла Тағалам баршамызға салиқалы ұрпақ сыйласын!
Нұров Махмут қажы Нұрұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы