Center Image
IHSAN.KZ
Қарым-қатынас жасаудың әдебі
 Қарым-қатынас жасаудың әдебі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Ислам дінінің ұстанымдары және Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті адам өмірінің барлық салаларына, соның ішінде басқа адамдармен қалай жақсы қарым-қатынаста болу керектігін үйретеді.

 

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Адамдардың сенімен қалай қарым-қатынас жасағанын қаласаң, сен де оларға дәл солай жаса».

 

Жоғарыда келтірілген хадисті басшылыққа алып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамдармен араласуына қатысты өнегесін орындау арқылы, біз Алла Тағаланың разылығына жетуге тырысып, адамдармен қарым-қатынасты ең жақсы жолмен құрамыз.

 

Кез-келген адамға көмектесуге дайын болуымыз керек. Мейірімділік – шынайы мұсылман үшін маңызды қасиет. Дініміз өзге діндегі адамдармен де сыйластықта болуға шақырады.

 

Бұл жөнінде қасиетті Құранда:

 

«Алла сендермен дін жайында соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Алла әділдікті жақсы көреді» («Мумтәхинә» сүресі, 8-ші аят), деп айтылады.

 

Ең алдымен, адамдармен араласқан кезде сіздің ниетіңіз шынайы және ізгі болуы керек, қарама-қарсы жыныспен қарым-қатынас кезінде шектен шықпау (дінімізде қарастырылған ережелерден аспау) керек.

 

«Күлімсіреу – сүннет» екенін үнемі есте сақтаңыз

 

Кез-келген адаммен сөйлеспей тұрып күлімсіреңіз. Бұл әңгімені жақсы бастаудың таптырмас құралы болып табылады.

 

Үммү Дәрда (р.а.) былай дейді: «Күйеуім Әбу Дәрда бір нәрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: – Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды? – дегенімде, ол: – Алла Елшісі (с.ғ.с.) сөйлемекші болғанда үнемі күлімсірейтін, деп жауап берген еді».

 

Даусыңыздың үнін бақылауда ұстаңыз

 

Дауысыңызды көтермеңіз, үніңізге назар аударыңыз, анық, бірақ жұмсақ сөйлеуге тырысыңыз. Сіздің не айтқаныңыз ғана емес, оны қалай жасағаныңыз да маңызды. Кей-кезде, адамдардың арасындағы реніш қаттырақ шыққан сөздің кесірінен пайда болатынын ұмытпаңыз.

 

Адамдардың өміріндегі жаңалықтарға қызығушылық танытыңыз

 

Адамдардан олардың денсаулығы мен әл-ауқаты, отбасы мен достары туралы сұраңыз, жай ғана сұрап қоймай мұқият тыңдаңыз, сол кезде олар қамқорлық пен сүйіспеншілікті сезінеді.

 

«Он бәленің тоғызы тілден» екенін ұмытпаңыз

 

Адамдардың қарым-қатынасы әртүрлі «тіл күнәларына» әкелуі мүмкін: басқалар туралы әңгімелер, өсек айту, жалған сөйлеу және т.б. Бұл бізді екі дүние бақытынан мақұрым қалдыруы мүмкін. Сол себепті қарым-қатынас кезінде мұқият болыңыз. Тыйым салынған нәтижеге алып келуі мүмкін нәрселерді жөнінде сұхбат құрмаңыз.

 

Ұрыс-керіске жол бермеңіз

 

Қарым-қатынаста төзімділік танытыңыз. Біз араласатын адамдар үнемі бізге жақсы қарым-қатынас жасай бермейді. Дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермеңіз. Ашуланбаңыз және жанжалға бармаңыз.

 

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

 

«Өзінікі дұрыс болса да сөз таластыруын тоқтатса, жәннат ішінде орын алуына кепіл боламын, әзілдеп болсын өтірік айтпаса оған жәннаттың ортасынан орын алуына кепілмін, ал егер кімнің мінезі дұрысталса жәннаттың төрінен орын алуына кепіл боламын», деген хадисін еске түсіріңіз.

 

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Дегенмен, мақаламызда адамдар арасындағы қарым-қатынас әдебінің негізгі қырларын көрсетіп кетуге тырыстық.

 

Қорыта келе, адамды қоғамнан бөлуге болмайды, сондай-ақ адамды қоғамға – қоғамды адамға қарсы қоюға болмайтынын ұмытпай, кіммен болсын арамыздағы қарым-қатынасымыздың дұрыс болуына мән берейік.

 

Алла баршамызға көркем мінез нәсіп етсін! Әмин!

 

Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz