Исламофобия сөзін соңғы уақытта жиі естіп жүргенімізбен, ол сөз алғаш рет он тоғызыншы ғасырдың алғашқы он жылдығында француз шығыстанушылары тарапынан қолданылған. Исламофобия – ислам (араб: الاسلام) және фобия (грек. phobos — қорқыныш) сөздерінің қосындысынан туындаған сөз. Исламофобия – ислам діні мен оны ұстанушы мұсылмандарға қарсы қоғамда қалыптастырылған жалған пікірлер мен жалған ұстанымдардың жиынтығы. Исламофобия - ислам дініне және ислам дінін ұстанушы мұсылман жамағатына деген өшпенділік, қорқыныш, жеккөрушілік сезімдерін ояту. Ол ислам діні мен оның ізбасарлары туралы біржақты жаңсақ түсініктерге, стереотиптерге және жеткіліксіз білімге негізделген. Қоғамда исламофобия әр түрлі формада көрінуі мүмкін, соның ішінде кемсітушілік, стереотиптер, дұшпандық мінез-құлық және тіпті зорлық-зомбылық сияқты көріністер де жоқ емес.
Исламофобияның пайда болу себептерін жан-жақты қарастыруға болады. Біріншіден Аль-Каида (араб: القاعدة), Ирак және Шам Ислам мемлекеті (ДАИШ) (араб: داعش), Талибан (пушт: طالبان) секілді лаңкестік ұйымдардың көбеюі. Әсіресе батыс елдерінде ислам діні мен мұсылмандарға қарсы ақпараттар АҚШ-тағы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдан кейін күшейе бастады. Әрине, тарихтың басқа кезеңдерінде де исламофобия болды, бірақ осы тұста исламофобия қатты өрбіді. Ислам ғұламалары тарапынан зорлық-зомбылық, қырып жоюдың ислам дініне жат екендігі баяндалғанымен, түрлі елдердегі ұлтшыл топтар «Исламизацияны тоқтату қажет!» деген ұранмен көшелерге шықты және интернет әлеуметтік желілерде мұсылмандарға қарсы жалған ақпараттар тарата бастады. Бұл исламофобияның әлемге таралуының негізі болды. Тарихи оқиғаларды айтпағанда бүгінгі Батыс әлемінде болашақтың жауы ретінде атайтын нацизм, фашизм және коммунизм секілді түсініктер жойылғаннан кейін, «Еуропаның исламдануы» қорқынышы (фобиясы) алдыңғы қатарға шықты. Оның көріністері ретінде Батыс әлеміндегі мұсылмандарды негізсіз айыптаулар, Құран мазмұнын экстремистік идеялардың негізі ретінде қарастыру, Франциядағы орамал мәселесі, пайғамбар карикатуралары, Дания мен Швейцарияда мешіт мұнараларын салуға тыйым салу көріністері болса, шектен шыққан көріністері ретінде Мьянма еліндегі мұсылман қауымына қатысты шектеулердің соңы 2017 жылдың 25 тамызында қанды оқиғаларға алып келгенін және Жаңа Зеландиядағы 2019 ж. 15 наурыздағы лаңкестік шабуылдарды келтіре аламыз. Қысқаша айтқанда исламофобияның белең алып жайылуына негізгі екі себеп бар. Әуелгісі 2001 жылы 11 қыркүйекте орын алған теракті секілді оқиғаларға негізделе отырып, ұлттық идеологияларды алға тарта ислам дініне, ислам ұстанушыларға деген жеккөрінішті әдейі қалыптастыратын топтар. Екіншісі исламофобияны әдейі таратпаса да, исламофобияның өрбуіне ықпал ететін псевдоисламдық, радикалды бағыттағы, өздерінің діни сауатсыздығы себепті қоғамда теріс пікір насихаттаушы діни топтар. Әлбетте екі топтың да исламофобияны таратудағы құралдары осал емес. Әуелгі топтың исламофобияны қалыптастырудағы құралдары бұқаралық ақпарат құралдары, сайттар әлеуметтік желілер, мақалалар, кітаптар, фильмдер болатын болса, ал екінші топтың құралы бұл сауатсыздық пен жалған тақуалық болып табылады.
Әлемде діни төзімділікті яғни толеранттылықты насихаттайтын түрлі ұйымдар мен бірлестіктердің бар екенін білсек те, исламофобияның көріністері әлі де түрлі формада жалғасып келеді. Оған 2023 жылы Швецияда орын алған Қасиетті Құранды өртеу рәсімдерін мысал ретінде келтіруге болады. Осындай бір қатар қоғамдағы исламофобтық қозғалыстар, қоғамның тұтастығына сызат түсіріп, елді дүрліктіріп отыр. Исламофобияны насихаттаушы топтардың ислам дінін зорлық-зомбылық дін ретінде көрсетіп отырғандарын алға тарта отырып, исламофобияны радикализмнің кері түрі деп те атауға болады. Себебі радикализм – негізгі мақсатынан ауытқу, қандай да бір істегі жағдайды түбірімен түбегейлі өзгерту, белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстанып, басқа ұстанымдарға түбегейлі қарсылық таныту деген мағынаға саяды.
Ислам - түп-тамыры Ибраһим пайғамбарға телінетін Христиан, Иудаизм секілді жер бетіне кең тараған әлемдік монотеисттік діндердің бірі. Ислам діні адамзатқа тек рақымдылық пен мейрімділікті, адалдық пен шынайылықты, әділдік пен адамгершілікті насихаттайды. Адамның екі дүние бақытын көздеп, ешкімді түріне, түсіне, дініне, сеніміне, ұлтына қарай алаламайды. Адам түгіл, жан-жануарлардың да құқығын ең жоғарғы деңгейде қорғайды. Мұсылман баласы – күллі адамзатқа ортақ асыл құндылықтардың жаршысы. Адамзаттың асылы айтқандай, «Ол –қолымен де, тілімен де ешкімге зиян бермейтін адам». Олай болса, исламды терроризммен, артта қалушылықпен, қараңғылықпен, қаныпезерлікпен айыптау – орынсыз һәм үлкен жаңсақтық .
Қоғамның тұтастығын, ондағы бейбітшілікті көздей отырып, дінаралық, ұлтаралық қақтығыстардың алын алу мақсатында исламофобия мәселесі әлемдік деңгейдегі конференцияларда талқыланып, БҰҰ Бас ассамблеясы исламофобиямен күрес жөнінде шешім қабылдады. Соңғы екі жылдан бері 15 наурыз халықаралық исламофобияға қарсы күрес күні ретінде аталып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күнді Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында 51 адамның өмірін қиған, мешіттерге жасалған шабуылдардан кейін бекітті.
Қазақстандағы исламофобия мәселесі де мәз емес. Соңғы жылдары елімізде «Дін – қараңғылық», «Ислам - ғылымға қарсы», «Ислам – арабтану», «Ислам діні қазақ жеріне зорлық-зомбылықпен келген» деген сынды тақырыптағы түрлі жаңсақ пікірдегі мақалалар, подкасттар, тіпті кейбір телеарналарда бағдарламалар да кең таралып жүр. Бұл әрекеттің барлығы әдет-ғұрпымызға әбден сіңіп, қазақы дүниетанымымызда қалыптасып, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі мұсылмандық жүйемізге жасалып жатқан шабуыл. Ал осындай шабуылдар еліміздегі діни тұрақтылықтың шайқалуына алып келуі әбден мүмкін. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте алғаш рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қазіргі таңға дейін жалғасын тауып келе жатқаны да бекер емес. Конфессияаралық келісімдер бірінші кезекте еліміздегі діни тұрақтылықтың кепілі. Исламофобияның алдын алудағы шаралардың біріне осындай конфессияаралық діни толеранттылықты арттыратын дөңгелек үстелдердің қатарын көбейту болып табылады. Мемлекетіміз діни тұрғыда дін мәселелерінде ресми түрде бейтарап болып табылатын зайырлылық көзқарасты ұстанатыны баршамызға мәлім. 2024 жылдың 4 тоқсаны бойынша елімізде 18 конфессия, 3999 діни бірлестік, 3788 ғибадат үйлері тіркелген. Ал осы діни бірлестіктердің 2858-і исламдық, ал ғибадат үйлерінің 2857-сі мешіт болып табылады. Бұл дегеніміз әр конфессияның заң жүзінде діни сенім бостандығы, діни құқығы қорғалған дегенді білдіреді.
Исламофобиядан арылудың тағы бір әдіс-тәсілі көпшіліктің діни сауаттылығын арттырып, қоғамда ислам діні жайлы негізгі дұрыс пікірді қалыптастыру. Ислам дінінің ішіндегі жат ағымдардың нақты белгілері жайлы толыққанды ақпарат беріп, олардың шынайы ислам дінімен еш байланысы жоқ екендігін баяндау. Дінаралық қарым-қатынастарды күшейтіп, лекциялар мен конференциялардың қатарын көбейту. Осылайша діни сауатсыздықпен күресу арқылы исламофобияға жол бермеу. Бұл тарапта әрине ғылым және жоғары білім министрлігі, мәдениет және ақпарат министрілігінің дін істері комитеті, сондай-ақ оқу ағарту саласында жүрген барлық ұстаздар мен діни басқармалардың исламофобияға төтеп беру үшін қосатын үлестері зор екенін ескеруіміз керек. Сондай-ақ ұлттық сана, берік рухани иммунитет қалыптастыратын «Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалардың қатарын күшейту қажет..
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Алла Тағала еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан сақтасын!
Қарағанды облысы бойынша
жат діни ағымдардан сақтандару
бағытының жауапты маманы Кемербаев Д.Е.