ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр» бағыты аясында Қарағанды облысына қарасты Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінде «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыбында өңір асабаларының қатысуымен арнайы жиын ұйымдастырылды.
Тағылымды басқосудың негізгі мақсаты – қоғамда той мәдениетін қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, ысырапшылдықтың алдын алу және асабалардың рухани-адамгершілік жауапкершілігін арттыру.
Жиынға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің облыс бойынша жауапты маманы Жүсіпбек Шұғайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар қауымы және өңір асабалары қатысты.
Басқосу барысында қазақ халқының той өткізу дәстүрі, оның тәрбиелік мәні, қазіргі қоғамдағы той мәдениетінің өзекті мәселелері және ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы өз сөзінде тойдың халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатынын атап өтіп, қуанышқа ортақтасу кезінде әдеп пен тәртіпті сақтау, шектен тыс шығынға жол бермеу және салт-дәстүрлерді шариғат талаптарымен үйлестіре білудің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, асабалардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін сақтау, ұлттық әдет-ғұрыптарды орынды дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және жастарға өнегелі тәрбие берудің маңыздылығы сөз болды.
Қатысушылар асабаның тек той жүргізуші ғана емес, халықтың рухани дүниетанымына, қоғамдық әдепке және ұлттық тәрбиеге ықпал ететін тұлға екенін атап өтті. Осы орайда той барысында айтылатын сөздердің мазмұнына мән беру, тәрбиелік тағылымы мол дәстүрлерді насихаттау және ұлттық болмысымызға жат әрекеттерден аулақ болу мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар басқосуда той мәдениетін жетілдіру, отбасы құндылықтарын нығайту, жастардың бойына ұлттық тәрбие сіңіру және қоғамда қарапайымдылық пен қанағатшылдық қағидаларын қалыптастыру бағытында мазмұнды пікір алмасу болды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы