Рамазан айы ұлы ай, бұл айдың ұлықтығына, осы айдың есімі қасиетті Құран Кәрімде ашық айтылған. Сонымен қатар Рамазан айы Аллаһ Тағаланың мейірім айы. Өйткені осы айда Аллаһ Тағала құлдарына басқа айларда бермеген нығметтерін нәсіп етеді. Сондай-ақ бұл айда адам баласын туралыққа бастап, ақ пен қараны ажырататын қасиетті Құран Кәрімді назыл етті. Аллаһ Тағала Құранда:
"شَهْرُ رَمَضَان الَّذي أًنزِلَ فِيهِ القُرْآن هُدًى لِلنَّاس و بيِّنات مِنَ الْهُدَى و الْفُرقان فَمَن شَهِدَ مِنْكُم الشَهر فَليَصُمْهُ"
«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірілген ай.»
Рахмет пен мейірім айы, бұл айда Аллаһ Тағала пенденің дұшпаны болған Ібіліс алейхи лананы кісендетіп, пенделеріне жәннат есігін ашып, тозақ есіктерін жабады. Имам Бұһари мен Муслимде Абу Һурайрадан келтірген хадисте Пайғамбарымыз(с.а.с.) :
"عَنْ أبِى هُرَيْرَة رَضِي الله عَنْه أنَّ رَسُولُ الله صلى الله عَلَيْه و سَلَّم قَالَ: إذا جاءَ رَمَضانُ فُتِّحَت أبْوابُ الجَنَّة وَ غُلِّقَت أبْوابُ النَّار و صُفِّدَتِ الشَياطِينُ "
«Рамазан айы келгенде, жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, және шайтандар кісенделеді»,-дейді. Міне қасиетті Рамазан айында көптеген жандардың ізгі істерге ұмтылатындығы да осыдан. Аллаһ Тағала осы айда пенденің құлшылық танытқандарын мейіріміне алып, оның істеген күнәларын кешіреді. Имам Бұһари мен Муслимде Абу Һурайрадан келтірген хадисте Пайғамбарымыз(с.а.с.) :
"عَنْ أبِى هُرَيْرَة رَضِي الله عَنْه عَنِ النَّبِّى صلى الله عَلَيْه و سَلَّم قَالَ:"مَنْ صامَ رَمَضانُ إيمانًا وَ احْتِسابًا غُفِرَ لَهُ ما تَقَدَّمَ مِن ذنْبِهِ"
«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Аллаһтан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары кешіріледі»,-деген. Аллаһ Тағаланың осы айдағы мейрім, раһымының соншалықты кеңдігінен, осы айда пендесін рахметіне бөлеп, құлдарын тозақ отынан алыстатады. Әбу Сайд Һудриден жеткен хадисте сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) былай дейді:
"عَنْ أبِى سَعِيدٍ الخُدْريَّ رَضِي الله عَنْه قَالَ:" قَالَ رَسُولُ الله صلى الله عَلَيْه و سَلَّم " ما مِن عَبْدٍ يَصُومُ يَومًا فِى سَبِيلِ الله إلا باعَدَ الله بِذالك اليَومِ وَجْهَهُ عَنِ النَّار سَبْعِين خَريفًا "
«Қандайда бір пенде Раббысының жолында бір күн ораза ұстаса, Аллаһ Тағала сол күннің құрметіне оның жүзін тозақ отынан жетпіс жылға алыстатады. Әрине Рамазан айындағы Аллаһ Тағаланың рахымын түсінген пенде әлбетте Рамазан айының қайта-қайта болуын сұрар еді. Өйткені алдыңғы әрі кейінгі қүнәлары кешірілген сүйікті Пайғамбарымыз(с.а.с.) өзі:
رَمَضان بَلّغنا اللهم
«Аллаһым бізді Рамазанға жеткізе көр»,-деп дұға қылатын. Пайғамбарымыздың(с.а.с.) тәрбиесінде болған ұлы саһабалар, Рамазан айын құштарлықпен күтетін болған. Ибн Аббастан жеткен хадисте:
"عَن ابن عباس رَضي الله عنهُما انّهُ قال: سَمعتُ رَسُول الله صلّى الله عليه و سَلّم يَقُولُ: لَوْ تَعْلم امّتي ما في رَمَضان لَتَمنوا ان تَكُون السنة كُلها رَمَضان"
Пайғамбарымыздың(с.а.с.): «Егер менің үмметім Рамазан айындағы сауапты білгенде, жылдың барлығы Рамазан болса екен деп тілер еді»,- деп жатқанын естідім дейді.
Қорыта келгенде, бұл айдың барлығы Аллаһтың мейрімі мен рахымына толы ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.а.с.):
" وَ هُوَ شَهر اوّلهُ رَحمة وَ اوسطُهُ مَغفرة وَ اخِرُهُ عِتقٌ مِن النَّار "
«Ол, әуелгі бөлігі – Аллаһ тағаланың рахметі, ортаңғы бөлігі – Оның кешірімі, соңғы бөлігі –тозақтан азат болу айы»,- дейді. Өйткені, осы айда пенденің істеген ізгі ісінің сауабы еселеніп, Раббысына болған итағаты қабыл болып, күнәлары кешірілетін мүбарак айы.
Мақаланы сайтқа дайындаған Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы Тағаев Нұрбол
Пікірлер